Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкөніс дақылдарына көңіл бөлуіміз керек

Көкөніс дақылдарына көңіл бөлуіміз керек

Кәрі құдаң қыстың да қайтатын уақыты тақап келеді. Ақпанның аяғы жердің тоңы еріп, тіршілікке жан бітіп, бәйшешек гүлдің бүр жаратын сәті. Күй талғамайтын бәйшешек гүлдің әуелден күннің жылынып, шуақты көктемнің келгенін алғаш хабарлайтын жаратылыстың жауһары екені де белгілі. Иә, күзгі егін-терімін аман-есен суыққа ұрындырмай жинап, ала жаздай еткен бейнеттің зейнетін көріп, көктемгі науқанға қыстай дайындалған диқандардың да бәйшешекпен бірге оянып, дала қосына оралатын уақыты жақындады. Мезгілдің барлық кезеңінде тыным таппай тынығуды білмейтін диқан қауымының биылғы қанжығасы қалай болмақ? Сиыр жылы ауданда егін шаруашылығы бойын­ша дала төсіне қандай дақылдардың дәні орналастырылады? Егіннің қай түріне басымдық берілген жөн? Міне осы сауалдарға жауап іздеп аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласқан едік.
Егін шаруашылығы Қазақстанның негізгі байлықтарының бірі. Соның ішінде Сыр салысы күріш дақылының орны бөлек. Кешегі Кеңес уақытында ауданнан 41 Еңбек Ерін шығарған да осы дақыл. Сол заманда аудан көлемінде 17 мың гектарға жуық жерге күріш егілген. Нәтижесінде қамба ырысқа толып, ақ күріштен тау тұрды. Дала диқаны Ы.Жақаевтың да ақ күріштің атасы атанғаны сол уақыт еді. Бірақ тоқсаныншы жылдардағы тоқырау аймақ ауыл шаруашылығына әсерін тигізіп, елде егістік алқаптары азайып, егіншілер де дағдарысқа ұшырады. Тек екі мыңыншы жылдары ел экономикасының өсіп, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың қабылдануымен жер-Анаға жан бітіп, ауданда егін шарушылығы жандана түсті. Бірді айтып, екіге көшкендей болмайық. Дегенмен өткен тарихқа да үңіліп, сабақ алып отырудың артықтығы жоқ.
Ауыл шарушылығы бөлімінің берген мәлметінше үстіміздегі жылы аудан бойынша жалпы көлемі 30754 гектар жерге егін орналастыру жоспарланған. Басым бағыты әдеттегідей күріш дақылына берілген. Дейтұрғанмен соңғы жылдары өңірде су тапшылығы қатты сезілуде. Соған сәйкес, суды көп қажет ететін егіс алқаптарының да қатары қысқарған. Күріштің үш ай бойы суға бастырылып өсетінін ескерсек, алдағы уақытта алқап көлемінің де азаюы заңдылық. Бұл ретте аталған бөлім шаруашылықтарға мейлінше шығыны аз, пайдасы көп суды да аса қажет етпейтін дақылдар егуге кеңес беруде. Сонымен биыл ауданда негізгі дақыл күріш 12545 гектарға егіледі деп жоспарланған. Ал бидай, тары, дән жүгері 2379 гектарды құраған. Сондай-ақ, майлы дақылдар (мақсары, соя) 1062 гектарға, мал азықтық дақылдар 9461 гектарға, мал жемдік асқабақ 150 гектарға және 5454 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылатын болады.
Аудандағы егістік көлемінің ұлы жобасы осылай. Дегенмен, 207 671 бас төрт түлігі бар біздің өңір үшін мал азығы болатын дақылдардың көлемін әлі де болса көбейткен дұрыс. Неге десеңіз бүгінде малдың жем-шөбі тапшы. Онымен қоса қымбат. Бұлай істеу арқылы суды да едәуір үнемдеуге болады. Мәселен, Шиелі халқы жаздай жоңышқаны көршілес Жаңақорғаннан тасиды. Осы кемшілікті қолға алып, биыл егілетін 4013 гектар жаңа жоңышқаның көлемін екі есеге көбейтсе, біздің малшыларға жасалған көмек болмай ма? Бұдан бөлек аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков халыққа берген есебінде осы жылы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын «Жоңышқа өсіру және терең өңдеу» жобасы іске асатынын, жоба құрылысы үшін индустриялдық аймақтан 10 га жер телімі сауда саттық арқылы табысталғанын айтты. Бұл дегеніңіз алдағы уақытта орған жоңышқаңызды еш алаңсыз өткізуге болатынын айғақтайды емес пе? Сонымен қатар, «Караганды Агро Инвест-Т» ЖШС-ның жобалық құны 20,3 млрд теңгені құрайтын «Ауылшаруашылық кешенін құру» жобасы жүзеге асатынын жеткізді. Кешенде 15 мың тонна көкөніс дақылдарын сақтауға арналған қойма, шырын өндірісі, көкөніс кептіру т.б ауыл шаруашылық дақылдары өңделетін болады. Егер аталған жоба жүзеге асса, өңір шаруалары ауыл шарушылығы дақылдарын еш алаңсыз егіп, сақтауға бас ауыртпайды. Міне осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, диқандар тек күріш егумен айналыспай, көкөніс дақылдарына да көңіл бөлуі керек.

Елдос Жүсіп
09 ақпан 2021 ж. 582 0