Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дала күні» – диқан мерейі

«Дала күні» – диқан мерейі


Сәуірдің сыйы таусылар емес. Бірде күн көзі жылт етіп, жанды жадыратса, енді бірде алай-дүлей күй кешіп, ақ жауынын төгіп алады. Не керек, көктем шыққалы құбылмалы ауа райына да бой үйреніп қалды. Дегенмен, ерте көктемнен сайманын сайлап, егіс даласына еніп кетеін диқандар қауымының тіршілігін тізгіндеп қалады, кейде. Бірақ, барлық нәрсені жақсылыққа балайтын шиеліліктер көктемгі жауын-шашынды көктің бітік шығуына жорып отыр. Тіпті, сәрсенбінің сәтті күнінде егіс даласындағы дала дүбірін бастады.
Ақ күріштің атасы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың еліндегі «Алтын дән» шаруа қожалығының егіс алқабына алғашқы дән себу «Дала күні –2021» семинары өтті. Жиылған қауым ең әуелі әлемдік рекордты орнатып, Сыр халқының мерейін тасытқан даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың рухына тағзым жасап, Құран бағыштады. Аудан әкімі Қ.Мүбараков «Бүгін өздеріңізбен қасиетті құт қонған, қыдыр дарыған ауданымыздың, аймағымыздың мәртебесін бүкіл дүние жүзіне танытқан дала академигі атандырған, ақ күріштен атағы шыққан, даңқты диқан, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың атын әлемге паш еткен, ақ күріштен тау тұрғызып рекорд орнатқан киелі жер ананың алтын алқабында жиналып отырмыз. 41 Социалистік Еңбек Ерінің отаны болған еліміздегі бірден бір аудан киелі Шиелі жерінде диқандар қауымы ауыл шаруашылығы саласын одан әрі әртараптандыру бағытында, сонымен бірге егіс көлемі мен алынатын өнімді былтырғы жылдың көрсеткішінен де арттыру мақсатында көктемгі егін егу науқанына кірісіп те кетті» – деп бастады сөзінің әлқиссасын.
Одан әрі Ы.Жақаевтың ұлы Сейітбек Ыбырайұлы сөз сөйлеп, ауданның «Құрметті азаматы»
Рахым Мауяев елдің, жердің тарихы­­нан сөз қозғады. Диқандарға ақ батасын берді. Кешегі 1945 жылдан кейінгі кезеңде ауылшаруашылығы саласы дамып, Кеңес үкіметінің айдарынан жел есіп, алыс-жақын шет-елдіктермен сауда-экономикалық қарым-қатынас дамып тұрған кезде Шиеліге сонау оңтүстік шығыстағы Вьетнам Республикасынан арнайы делегация келгендігін сөз етті. Олар күрішті ұлттық өніміне балаған қытай мен вьетнам халықтарынанда артық күтіп-баптауда орасан тер төккен дала академигіне тағзым етуге, сол топыраққа тәу етуге келгенін білдіріпті. Осы түбекке келіп, керемет әсер алыпты. Бүгінгі таңда, сол халық дамыған елдердің қатарына қосылды. Қазақтарда еңбекпен еңсе түзеп келе жатыр. Еліміздің ертеңі айшықты, болашағы баянды, – деді Р.Мауияұлы
Індеттің енді ғана өршіген тұсында аудан басшылығына келген Қ.Амангелдіұлы тек дертпен ғана күресіп қойған жоқ. Сан саланың тамырына қайта жан жүгіртіп, өңірдің өркендеуіне біршама өзгерістер алып келді. Әсіресе, Шиелі халқының негізгі ауыл шаруашылық саласында ауыс-түйіс бар. Себебі, Сырдың суы құмға сіңгендей деңгейі төмендеп, күріш дақылының көлемін кемітіп барады. Өткен жылғы судың тапшылығын ескерген аудан әкімі биылғы егіс науқанында күріштен бөлек дәнді-дақылдар мен көкөністердің көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Мәселен, биылғы жылы 30 мың 246 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Оның ішінде, дәнді дақылдар үлесі – 14 мың 376 гектар, майлы дақылдар – 1 мың 62 гектар, мал азығы дақылдары – 9 мың 611 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 5 мың 157 гектар құрайды. Бас­ты дақылымыз Сыр салысы – күріш дақылы – 12 037 гектар жерге егіледі. Бұл жалпы егіс көлемінің 39,8 пайызын құрап отыр. Ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын азайту мақсатында ағымдағы жылы күтілетін су тапшылығы салдарынанан дәнді дақылдар үлесін (күрішті қоспағанда) 2379 гектарға (былтырғы жылы 1702 га), картоп, көкөніс, бақша дақылдарын – 5157 гектарға ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ, 70 гектарға соя дақылы егілетін болады.
Қазіргі таңда, ауданымыз бойынша 672 дана арнайы ауыл шаруа­шылығы техникалары көктемгі егін егу науқанына қатысуда. Аталған техникалар межеленген егіс көлемін белгіленген мерзімде егіп, аяқтауға толық жетеді. Ал, жанар-жағармай мәселесіне келсек, көктемгі дала жұмыстарына 1779 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күнге межеленген 4 мың 13 гектар жаңа жоңышқа, 992 гектар мақсары, 20 гектар арпа және 560 гектар жаздық бидай артығымен егілді. Сонымен қатар, егіннің агротехникасын сақтай
оты­рып межеленген 12037 гектар күріштік жердің, 5800 гектар жері айдалып, жер тегістеліп, минералды тыңайтқышы жердің картограммасын сақтай отырып берілді. 20 сәуірден бастап негізгі дақыл күрішті егу жұмыстары бастау алды.
Көктем келісімен дала төсін еңбек дүбірі кернеп, диқандар үшін қауырт науқанның басталатыны белгілі. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Осындай науқан қазір біздің ауданда да қызу жүріп жатыр. Әр ауылдық округте көктемгі егіс жұмыстары басталып, егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыруды мықтап қолға алынуда. Диқанның белі бүгіліп, далада еңбек дүбірі естіледі. Алқапқа алғашқы дән де егілді. Тұқым себу жұмыстары жалғаса түскен. Таңмен таласа тұрған диқангер қауымның барынша жігері дән сіңіруге, мол ырыс деген ұғымға тоқайласқан.Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық. Шиелілік шаруалар да тынымсыз еңбектің арқасында табыстың тайқазанын тасы­тады деп сенеміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
24 сәуір 2021 ж. 698 0