Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау – жүйелі істермен жалғасын таппақ

Жолдау – жүйелі істермен жалғасын таппақ

Әлем сәт сайын даму үстінде. Сондықтан, жаһандану заманында өмір сүруге жедел бейімделу бүгінгі өмірдің талабына айыналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру мақсатында аудандық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, ауыл-ауылды аралап түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жұма күні топ жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов бастаған насихат өкілдері Сыр беткейдегі Бәйгеқұм, Жөлек елді мекендерінде халықпен жүздесті.
Індеттен еңсесі түскен халыққа ел Президентінің кезекті Жолдауы бұл жолы айрықша әсер етті. Онда экономикадан бастап, білім, ғылым, денсаулық, адам құқығын қорғау, бала тәрбиесі мен ортақ құндылықтарды сақтау жайын түгелдей нақты қамтып, қоғамда орын алған елеулі оқиғалар мен бірқатар мәселелерді шешудің нақты жолдарын қамтитын қадамдарды айқындап берді. Жолдау 7 бағытты қамтып, 5 бастама бойынша нақты міндеттемелер жүктеді.
Жолдауда көрсетілген бағыттар ­бойынша аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ауылға тікелей қатысы бар мәселелерге айырықша тоқталып, аудан үшін қуанышты жаңалық болып табылатын елді-мекендерді газбен қамту жұмыстарының барысымен бөлісті. Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде ауданның 60 проценті газбен қамтылмақ. Ал, 2023-2024 жылдары Байгеқұм, Жөлек, Бала би, Сұлутөбе ­ауылдарын газбен қамту үшін үлкен станция соғылып, «Бейнеу-Бозой» газ жүйесінен, газ құбырлары елді-мекендерге таратылмақ.
Сонымен бірге, Алмасбек ­Есмаханов құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Ол өз сөзінде «биыл ауданда 45 жер үй мен көп қабатты пәтерден 72 тұрғынға баспана беріледі, бұл Шиелі ауданы үшін үлкен жетістік», – деді.
Ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған тағы бір жаңалықтың бірі – ең төменгі жалақыны (бұдан әрі – ЕТЖ) 42 500-ден 60 мың теңгеге дейін арттыру мәселесі болды. Бүгінгідей қымбатшылық қысқан мезетте бұл да бір демеу болғаны рас. Бәйкеқұм ауылынан бастау алған жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратованың баяндамасы тыңдалды.
Ол Жолдауда айтылғандай этносаралық мәселелерге ерекше маңыз беру керектігін, этносаралық татулық пен бірлікті сақтап, арандатушылардың құрығына түспеу керектігін айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тағы бір қуанышты жаңалық, яғни зейнетақы жинағының бір бөлігін «Отбасы банкі» арқылы тұрғын-үй алу мақсатында жұмсауға мүмкіндік туғанын қуана жеткізді. Жібек Баймұратова тоқталған келесі мәселе, жолдауда мемлекет басшысы айтып өткен ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлу, яғни, биыл орын алған қуаңышылықтың алдағы уақытта қайталанбауына жағдай жасау мәселесі болды. Осы мақсатта ел болып, жұмыла жұмыс атқаруға шақырды.
Жолдаудағы басты мәселе – экономиканы әртаптандырып, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмыстарды күшейту. Президент соңғы 2 жыл уақыт әуреге салған пандемия денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелер барын көрсеткенін айтты. Осыған орай, індетпен күресу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды сатып алып, халықты екпе алуға шақыру, қалыпты өмірге тез оралуға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Елімізде дәрі-дәрмекпен медициналық құрал-жабдықтардың 17%-і ғана отандық өнім екені, оны 2025 жылға дейін 50%-ке жеткізу керектігін тапсырды.
Ал, аудандық емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Сейтқалиқызы «ел арасында екпеге қарсы антиваксерлер әлі де бар, олардың жалған сөздеріне еріп өзіміздің және жақындарымыздың өміріне қауіп төндіріп алмайық», – деді. Сонымен қатар, Жолдауда айтылған медициналық сараптама жасайтын зертханалардың ­расында елімізге аса қажет болып табылатынына да тоқталды.
«Еліміздің әрбір азаматы – Қазақстанның басты байлығы» екенін Президент ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Насихаттық топ биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға басымдық берілуі жөнінде ойларын ортаға салды. Жалпы алдағы күндері ауданда Жолдауды түсіндіру мақсатында аудандық ақпараттық топ беске бөлініп, Шиелі кенті мен ауылдық округтерді аралап, насихат жүргізетін болады. Өткен аптаның жұма күні бірінші топ қос бірдей ауылдың тұрғындарымен кездесіп, Жолдаудың құндылығы айырықша екенін айтты. Аудан әкімінің орынбасары А.Әбілқасымұлы сөзін қорытындылай келе, халықты Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыруда бірлесіп нәтижелі жұмыс жасауға шақырды.

Шапағат Тілеубаев
28 қыркүйек 2021 ж. 619 0