Ақпараттық топ «арманда»
Өткен аптада Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған алғашқы Жолдауын түсіндіру мақсатында ақпараттық топтың кент тұрғындарымен кездесуі өтті.
Бұған дейін ауданға қарасты елді мекендерді түгел аралап шыққан топ, Жолдауда айтылған мәселелер төңірегінде әр салада атқарылып жатқан жұмыстар, құжатта көрсетілген маңызды ақпараттар жайлы тарқатқан жиынға кент ардагерлері, мұғалімдер мен жастар қатысты.
Жиынды «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет жүргізіп отырды. Алғаш болып сөз алған аудандық мәслихат депутаты Айткүл Әбдіқадырова Жолдаудағы кәсіпкерлерге арналған мол мүкіндік жайлы баяндаса, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетов білім саласындағы жаңалықтар жайлы айтты. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Жандос Әбенов жәрдемақыға байланысты қабылданып жатқан жаңа заң, тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағыты бойынша егжей-тегжейлі түсіндірді. Одан соң Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева көпшілік арасында көп талқыға түскен міндетті медициналық сақтандыру, жаңадан салынып жатқан аурухананың мүмкіндіктері, тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерін тарқатып айтты.
Жиын соңында пікір алмасып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді.
«Өскен өңір» ақпарат