Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау – жүйелі істермен жалғасын таппақ

Жолдау – жүйелі істермен жалғасын таппақ

Әлем сәт сайын даму үстінде. Сондықтан, жаһандану заманында өмір сүруге жедел бейімделу бүгінгі өмірдің талабына айналып отыр. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында аудандық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, ауыл-ауылды аралап түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жолдау жаңа жетістіктерге жетелейді
Н.Бекежанов ауылында өткен мақсатты жиында мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов маңызды құжатта көрсетілген, ауылға тікелей қатысы бар мәселелерге айрықша тоқталып, кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Мақаш, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Ж.Әбенов, аудандық мәслихат депутаты Н.Әмір, Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқарма басшының орынбасары А.Бегайдаров өз салалары бойынша Жолдауда қозғалған әлеуметтік сапаны арттыру міндетін кеңінен тарқатып, айтып берді. Құжатта жарқын болашаққа апаратын нақты жос­пар, мақсат көрсетілгендігі туралы тиісті дәйектер мен деректер арқылы халыққа түсіндірілді.
Жиынға Ақмая, Төңкеріс, Еңбекші, Жиделіарық, Нар­тай ауылының тұрғындары қатысып, сұрақтар жолданды. Нартай ауылының тұрғыны, Алдаберген Рахишов ауылдағы жол жайын түнгі жарықтың үздіксіз қамтамасыз ету, сонымен қатар, жөнделіп жатқан көпірдің қашан берілетіні жөнінде сұрақ қойды. Аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов қойылған сауалға жауап берді. Өткен жылдар мен қазіргі экономикалық деңгейді салыстыра әңгімелеп, жан басына шаққандағы табыстың артатындығын тілге тиек етті.
Елбасы жолдауы – жарқын болашақ кепілі
Сұлутөбе ауылдық мәдениет үйінде де аталған тақырыпта аудан әкімінің тағы бір орынбасары Б.Жаниязовтың төрағалық етуімен жиын өтті. Аудандық мәслихат депутаты А.Әбдіқадырова, ішкі саясат бөлімнің басшысы Ж.Баймұратова, №41 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Э.Мұхамедяровалар өз саласы бойынша түсіндіру жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ, арнайы ақпараттық-насихаттық топта жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға полиция инспекторы А.Мәдиев те болды.
Жолдау бағыттар мен міндеттер айқындалып, дамуға жаңа серпін беріп, еліміздегі ауқымды істер мен тың қозғалыстардың бастауы болмақ деп алға тартты. «Еліміздің әрбір азаматы – Қазақстанның басты байлығы» екенін Елбасы ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Насихаттық топ биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға басымдық берілуі жөнінде ойларын ортаға салды. Елбасының осы Жолдауындағы алғы сөзінде «Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Қазақстанның беделінің артуына, оның ішінде, өңірдегі ахуалды жоғарылату үшін көп жұмыстар атқарылып келеді» деген болатын. Бұл Жолдау өміршең бастамалардың алға жылжуына серпін берер ерекше Жолдау деп атап өтуге болады. Аудан әкімінің орынбасары Б.Лепесұлы сөзін қорытындылай келе, халықты Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыруда бірлесіп нәтижелі жұмыс жасауға шақырды. Шараға Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Ботабай ауылының тұрғындары қатысып, жиында сұрақтар қойылып, айтылған ұсыныс-пікірлер ортақ оймен қорытындыланды.
Жолдау дамудың даңғыл жолы
Елбасы жолдауына байланысты жиын Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл ауылдарында жалғасын тапты. Жолдау насихаталып, халықтың болашағына бағдар жасалатын кездесулер. Бәйкеқұм ауылынан бастау алған жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілхановтың баяндамасы тыңдалды. 5 қазан мұғалімдер күні қарсаңында жолданған Жолдау нағыз халықтың әл-ауқатын көтеретін, алға жылжуға серпін беретін бағыт болды. Азаматтардың жеке табысының өсуі, мемлекеттің дамуына үлес қосып ғана қоймай, оның дамуына сенім ұялатып отыр. Жолдауда көрсетілген өзекті мәселелер заманымызға лайықты даму мен оң өзгерістермен өрлеуге бастайтын маңызды қадам екендігін баяндады. Өз кезегінде модератор Гүлшат Маханова Жолдауда адами капиталды дамытудың басты алғы шарты ретінде білімге басымдылық бергенін айтты. Еліміздегі денсаулық сақтау саласын жандандырып, әлемнің дамыған елдерімен иық тіресе алатын жағдайға жеткізу керектігін Елбасы нақты тапсырды. Яғни, тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы 6 тармақшасында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналады деп көрсетті. Денсаулық саласы бойынша сөз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Н.Әмір алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен келер күннің еншісіндегі тірліктің бір сыпырасына тоқталды. Одан кейін, Елбасы Жолдауы – жастарды қолдауы тақырыбында Б.Өтебаевтың хабарламасында Елбасы 23 рет халыққа жолдауын арнап отыр. Сондықтан, жыл сайынғы жолдауынан жастарды қалыс қалдырған емес, сөзімнің дәйегі соңғы Жолдауында баса айтылды. Елбасының 2019 жылы «Жастар жылы» деп аталуы тегін емес. Елімізде 18 млн. астам халықтың 40 пайыздан астамы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біз өте жас, өсіп келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Ал, аудандағы жалпы халықтың 25 пайызы жастар болғандықтан, жастар саясатын дамытуда біршама игі істер атқарылатындығын алға тартты. Одан кейін, насихаттаушы топтардың қатарында Арман мәдениет үйінің қызметкері Р.Мизамбаева мен ветеринария бөлімінің бас маманы Р.Кеулімжайұлы тізгінді алды.
Жалпы ауданда Жолдауды түсіндіру мақсатында аудандық ақпараттық топ беске бөлініп, Шиелі кенті мен ауылдық округтерді аралады. Кездесу барысында, сауалдар қойылып, пікір алмасты. Бірінші топ «Арман» мәдениет үйінде кент тұрғындарымен кездесіп, Жолдаудың құндылығы айрықша екенін айтты. Бұл аудан халқына үлкен серпіліс беріп қоймай, әлеуметтік салаға да басымдық беруін тілге тиек етті.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
07 қараша 2018 ж. 852 0