Ойласқан іс оңға басады
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіп саласын, логистика, заманауи технология, адами капиталды дамыту, жемқорлықпен күресті күшейту сынды өзекті 10 негізгі міндеттерді белгіледі. Яғни, елдегі кәсіпорындарды жаңғыртып, еңбек өнімділігінің деңгейін ұлғайту қажет. Сондай-ақ, баламалы энергия көздерінің үлесін көтеру де негізгі бағыттың бірі. Аграрлық өнеркәсіптің де жұмысын үдетіп, шикізатты қайта өңдеп, сапалы өнімді әлемдік нарыққа шығару да Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуге септігін тигізетінін тілге тиек етті. Осы орайда, ауданның қоғамдық-саяси ахуалын нығайту, Елбасы Жолдауы мен Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету бағытында
3 ақпараттық түсіндірме топ құрылып, 10-13 шілде аралығында барлық елді мекендерде тұрғындармен кездесу өткізді.
Қанатын кеңге жайған өңірдің жай-жапсарын саралап, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған толайым істердің барысын барлауға шыққан ақпараттық түсіндірме топтың алғашқы легі Ақмая, Төңкеріс, Еңбекші, Жиделіарық, Жуантөбе, Бестам, Керделі, Алмалы ауылдық округтеріне беттеді. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов бастаған топтың ішінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Шоханов, ауданның «Құрметті азаматы» Қ.Сүгірбай, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторының орынбасары Е.Жүсіп т.б сала мамандарын қосқанда 12 адам бар. Әр ауылға арнайы табан тіреген мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сауалдарға жауап қатты.
Ал, екінші топ аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаровтың басқаруымен Гигант, Қарғалы, Иіркөл, Жаңатұрмыс, Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл ауылдарында болды. Аудандық орталық «Оқшы ата» мешітінің найб имамы С.Бекенов, қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Әлиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов т.б. мамандардың қатысуымен өткен кездесуде ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, үшінші ақпараттық топқа аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова жетекшілік жасады. Онда аудандық білім бөлімінің әдіскері Д.Сейдахметов, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы кеңесшісі О.Назымханов, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Д.Өмірбеков бар.
Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан ақпараттық түсіндірме топ жиындарына Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысының өкілдері де қатысып, «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес» жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берді. Солтүстік өңірге қоныс аударып, жұмыссыздар санатынан шығам деушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бағдарламаның тиімді жақтары сөз етілді. Сонымен қатар, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры Ғ.Қазжанов бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы айтып өтті.
Үш күнге созылған ақпараттық түсіндірме топтың қорытынды кеші дүйсенбі күні Бұдабай атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті. Аталмыш шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов жүргізді. Ақпараттық түсіндірме топ мүшелері Жолдау аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың әлеуметтік салада, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, қоғамдық институттарды дамытуда, ауыл шаруашылығында, қаржы секторындағы қарқыны жайында сөз қаузады. Алғашқы болып аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әлеуметтік көмек секторының меңгерушісі Н.Бектегенова, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры А.Алдабергеновтер баяндама жасады.
Жыл басында облыс әкімі Қ.Көшербаев биыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялаған болатын. Осыған сәйкес кәсіпкерлік нысандарын көбейту, кәсіпкерлікпен айналысу, мемлекеттен бөлініп жатқан субсидия мәселелері жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы А.Ерназаров атқарылған жұмыстар легімен таныстырды. Одан әрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ұйымдастыру туралы амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық ауруханасының психиатрия бөлімінің меңгерушісі Н.Әмір, «Жастар – индустрияға», «Серпін-2050» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, мектеп бітіруші түлектердің орналасуы бағытындағы жұмыстар жайлы аудандық білім бөлімінің орынбасары Д.Нәсибеков баяндады. Сонымен қатар, отбасылық құндылық, зорлық-зомбылыққа қарсы әдет-ғұрып, ұлттық менталитет, салт-дәстүр – қазақ халқының негізгі тірегі десек, өкінішке орай, ауданымызда соңғы кездер өзіне-өзі қол жұмсау, жол көлік оқиғаларының салдарынан кісі өлімі көбеюде. Түрлі құқық бұзушылық деректері орын алуда. Әр сала мамандарының басын қосқан жиында бұл мәселе де елеусіз қалмады. Бұл жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Д.Өмірбеков тарқатып айтты. Ауыл-ауылды аралап шыққан ақпараттық түсіндірме топтың негізгі мақсаты да осы еді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.