Болашақты бағамдаудың бағыты
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын халық асыға күтеді. Өйткені, болашағы бағдарланған еліміздің даму бағыты, көпшіліктің игілігіне жол ашатын жақсы нышандар мен оң өзгерістер осы құжаттан бастау алады. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37 бабы, 3-8 тармақтарын басшылыққа ала отырып, 2018 жылдың 24 қаңтары күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Т.Жағыпбаров ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында өкім шығарған болатын
Сейсенбі, сәрсенбі күндері Шиелі кенті, №45 мектеп-гимназиясында және «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары А.Есмахановтың төрағалығымен әр сала басшылары Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Бұған дейін бірінші топты бастаған А.Есмаханов Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Ақмая ауылдарын аралады. Ал, аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов жетекшілік ететін екінші топ Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл және аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде тұрғындарға Жолдаудың он бағыты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Үшінші топқа жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров Төңкеріс, Еңбекші, Жиделіарық, Керделі ауылының тұрғындарымен жүздесті. Шиелі аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздық төртінші топ мүшелерін бастап Иіркөл, Жаңатұрмыс, Гигант, Қарғалы, №46 мектеп-лицейінде болды. «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет болса Жуантөбе, Бестам, Телікөл, Ақтоған, Алмалы елді мекендерінде кездесулер өткізді.
Озық отыздыққа енген елдермен терезе теңестіріп, «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыруды алға мақсат етіп қойған дамушы ел екеніміз белгілі. Сол жолдағы жаңа мүмкіндіктерді Мемлекет басшысы айқындап берді. Осы Жолдауда білім сөзі 24 рет кезігеді. Демек, адами капитал жаңғыру негізі болып қала бермек. Шара барысында «білім берудің жаңа сапасы – жаңғыру негізі» тақырыбында аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов баяндама жасап, аудандағы білім мәселесі мен ұстаздардың біліктілігі жайлы сөз өрбітті. Сондай-ақ, 2017-2018 оқу жылында 143 400 дана оқулық алынып, цифрлы білім беру бойынша «Bilimland» бағдарламасы енгізілгенін айтып өтті.
Шарада халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты «Дені сау ұлт – адами капитал бастауы» тақырыбында амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қазбек Шәукебаев баяндады. «2013 жылы жаңа аудандық емхана пайдалануға берілсе, 9 ауылда дәрігерлік нысандар салынды. Жуырда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың ауданымызға іс-сапары барысында жобалық құны 7 млрд. 41 млн. теңге болатын 150 төсектік аурухананың алғашқы кірпіші қаланды» – деді.
Сонымен қатар, «Адами капитал – жаңғыру негізі» міндетінде тағы бір бағыт «Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесі» деп аталады. Бұл төңіректе еңбек нарығындағы және халықты әлеуметтік қамсыздандыру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді түсіндірген аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов аудан түлектерінен ІТ мамандар даярланып жатқандығын мақтанышпен жеткізді. Одан әрі Жолдаудың басым бағыттарымен іске асырылып жатқан жұмыстар жөнінде Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов баяндама жасады. Жалпы, Жолдауды халыққа кеңінен насихаттау мақсатында 5 ақпараттандыру тобы құрылып, ақпан айының 13-жұлдызынан бастап 22 ауылдық округке түгел түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Ерұлан ДАТКЕН.