Іздегенге жұмыс табылады
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов брифинг өткізді. Онда 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауданда статистикалық мәліметтерге сәйкес экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 36432, оның жұмыспен қамтылғаны 34621 тұрғын екені айтылды. Ал, жұмыссыз тұрғындар саны – 1811. Облыс бойынша Шиелі ауданы жұмыспен қамту мәселесі бойынша алғы шепте, яғни 95 процентке жұмыспен қамтылған. Ал, 5 процент жұмысыздық есебін толтырып тұрған тұрғындардың 3 проценті жастар екені өкінішті. Жалпы еңбектеніп нанын табам деген жанға «екі қолға бір күрек» тауып беретін түрлі мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, өз-өзіңізді және өзгені де жұмыспен қамти аласыз.
– Биыл жұмыс іздеуші тұлғалардың 574-і бос жұмыс орындарына орналасса, 1664 азамат түрлі шараларға белсенділік танытқан. Сондай-ақ, еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша жыл көлемінде 130 азамат «тігінші», «шаштараз шебері», «аспазшы», «жылы жай шаруашылығы өндірісі», «мал шаруашылығы», «автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқу курстарына үмітті. Қазіргі таңда оқудан өтуге үміткер азаматтардың тізімі жасалып, оқу курстары халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның шешімі негізінде маусым айынан бастап ұйымдастыралатын болады. Еңбек бағдарламасының І бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білім даярлау бағытында көпбалалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасының балалары қатарынан 75 азаматты 3 жылға дейінгі мерзімді құрайтын кәсіптік білім беру оқу орындарында қыркүйек айынан бастап оқыту жоспарланса, ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл көлемінде 300 азамат кәсіпкерлік негіздеріне бекітілген кестеге сәйкес топ-тобымен оқытылатын болады. Биылдан бастап онлайн түрде 73 азамат оқуға жолданып, 65 азамат оқу курстарын аяқтады. Екінші топқа 60 азаматқа жолдама беріліп, онлайн түрде оқыды. Жоба аясында оқуға өтініш білдірген азаматтар санының артуына байланысты қосымша 500 азаматты оқытуға сұраным жолданды. Жалпы, жыл соңына дейін 800 азамат оқытылады деп күтілуде. Аталған көрсеткіштерге назар аударсақ, аудан тұрғындарының белсенділігі, ынта-талап, жоғары екендігі көңіл қуантады. Жыл басынан бері жоспарланған 350 азаматтың жаңа бизнес-идеяларын іске асыру бағытында 120 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Сонымен бірге, мемлекеттік грант алуға өтініш білдіруші азаматтар санының артуына байланысты 450 азаматқа қосымша сұраным жолданды. Өтінім мақұлданған жағдайда, жалпы жыл соңына дейін 800 азаматқа мемлекеттік грант берілетін болады, – деді А.Алдабергенов.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы өз кәсібін ашу немесе кеңейту мақсатында 50 азаматқа шағын несие беру жоспарланып, жыл басынан 31 азаматқа мал басын көбейту бағытында 184827,0 мың теңге шағын несие берілді. Қосымша 32 жаңа жұмыс орындары құрылған. Бағдарламаның ІІІ бағыты аясында ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына 80 азамат уақытша негізде жұмысқа жолданды. Жастар тәжірибесінен өткізу мақсатында 340 жас алған кәсібі бойынша уақытша негізде жұмыс жасауда. Ал, келісімшарт мерзімі аяқталған 67 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, 960 азамат жұмысқа тартылды. Келісімшарт мерзімі аяқталған 34 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы қазіргі таңда жұмыс берушілер тарапынан пайда болған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру «Enbek.kz» мемлекеттік ақпараттық порталы мен білім беру жүйесі ұйымдарына арналған «jumys.snation.kz» порталы арқылы жүзеге асырылуда.
Ақбота БАЯНБАЙ