Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Аймақ жастарының басын қосқан «Жастар күні» байқауында кәсіп түрлері мен мамандықтар жәрмеңкесі өтті. «Ауылға кел, жас маман!» атты шарада аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов көпшілікті бос жұмыс орындарымен таныстырды. Жәрмеңкеге жұмыс берушілер балалар дәрігері, математика пәнінің мұғалімі, дәнекерлеуші, заңгер, бухгалтер сынды мамандарға сұраныспен келген. Сонымен бірге, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері облыс жастарына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының үш бағыты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кеткен жөн, жыл басынан бері ауданда жұмыспен қамту бөліміне 1490 жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Оның 47 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған.
"Өскен өңір" ақпарат