Жұмыспен қамту жүйелі
Адам өзінің саналы ғұмырында маңдай терін төгіп, өзіне рухани және материалдық қажеттілігін өтейтін кәсіп тапқаны дұрыс. Бірақ еңбек адамның табиғи жетістігі деп түсінген халқымыздың бір бөлігі өзіне ұнамды, ыңғайлы, пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таппай қиналады. Дегенмен, елде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі күн тәртібіне еніп, көптеген бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Ауданда да бірқатар істер атқарылуда.
Биыл аудан бойынша 1100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Соның ішінде 1 шілдеге дейін 582 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл басынан бері өңірде 5 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 66 жұмыс беруші 133 бос жұмыс орын бар екенін хабарлады. Осының арқасында 87 тұрғын тұрақты жұмыс орнына кірсе, 25-і ақылы қоғамдық жұмысқа, ал 21-і жастар тәжірибесімен қызметке орналасқан.
Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі де тыс қалған емес. Оған биылғы жылдың І жартыжылдығында тағдыры сынаған 45 азаматтың жұмыспен қамтылғандығы дәлел. Қызметке орналасқан бұл жандардың 12-сі тұрақты жұмысқа, 20-сы ақылы қоғамдық жұмысқа, ал біреуі әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке де қарқынды қолдау көрсетілуде. Соның аясында 2 азамат тігіншінің қысқа мерзімді оқуына барса, 10 азамат «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері курсында білім алуда.
Фариза КЕНЖЕШОВА