Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы
Азаттық – ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған арманына айналып, даналарымыздың үзілмес үміті мен талай батыр, жаужүрек, елін сүйген қайраткерлеріміздің осы жолда жанын пида еткен қастерлі де қасиетті ұғым. Мың жарым жылға жуық халық болып бірігуді, ел болып қалануды аңсаған халықтың арманы 1991 жылы жүзеге асып, тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды. Сол сәттен бастап, Қазақстан әлемдік тарих бетінде Тәуелсіз ел ретіндегі жаңа парақтарын бастады. Бүгінгі Қазақстан өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды. Еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасы болып, толеранттылықтың ерекше үлгісін көрсете білді.
Ел президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз» деді. Сондай-ақ, 2020 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп атап, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін бұл он екі ай толымды істерге толы болуы тиіс» деген еді. Осыған орай сейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты кеш Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен ашылып, әрмен қарай аудан әкімі Қ.Мүбараковтың құттықтау сөзімен жалғасты.
– Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі елде не жасалса да, бәрі болашақ ұрпақ үшін істелуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталды. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Осы ретте, ауданымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылатын ілкімді және толымды жобаларға, шараларға жастарды тартуымыз қажет – деді өңір басшысы. Сөз соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін созылатынын айтты.
Иә, басты байлығымыз Тәуелсіздікке арналған шараға аудандық мәдениет үйі өнерпаздары жоғары деңгейде дайындалғанын көрдік. Кеште Абылай ханның таққа отырған уақытынан бүгінгі кезге дейінгі қазақ халқының тарихы қысқаша қойылым арқылы көрсетілді. Шара мерекелік концертке ұласып, «Шаттық» вокалды аспапты ансамблі күмбірлете күй шертті. Дәстүрлі әншілер блогы, «Нұрғиса» домбырашылар триосы, «Zhas star» балалар ансамблі өнерпаздары әсем әндер орындады. Бекжан Ержігіт, Ернар Қалмырзаев, Бота Шакизадаева Тәуелсіздік жайлы өлең оқып, көрерменге патриоттық рух сыйлады.
Елдос ЖҮСІП