Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңдесі жоқ байлығым

Теңдесі жоқ байлығым

Еліміз Тәуелсіздік тәжін киіп, егемендік еншілегелі 29 жыл. Осынау басымыздағы бақ-мұратымыздың қаншама жылдар бойы бабалар аңсаған, жандарын құрбан еткен аманат екенін тарих дәлелдеуде. Жиырма тоғыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес, зайырлы ел болды.
Бірақ бұл жетістіктің барлығы оңайлықпен келген жоқ. Кез келген адам бостандықтың бағасы қымбат екенін жақсы біледі. Азаттықтың ақ таңы ату үшін ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысты, ал жалынды жастар болса 1986 жылы желтоқсанның ызғарына қарамастан жанын пида етті. Сол бір желтоқсанның өңмеңнен өтетін суығында солақай саясаттың салқынымен қүрескен желтоқсан құрбандарын бүгінгі күні әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Себебі жұдырықтай жүрекке бағынып, алаңға шыққан жастар тәуелсіздік атты тәу етер киемізді бізге сыйлады. Иә, 1986 жылдың желтоқсаны «гүлді солдырды, нұрды оңдырды, көңілде мұңлы із қалдырды». Дегенмен шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қанын төккен қазақтың қайсар қырандары біздің жадымызда. Шашын төбесіне түйіп, мұздан жастық жастанып, қайтпас қажырлықпен күрескен Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сәбира сынды апалар да халық жадында сақтаулы. Бүгінгідей бейбіт заманның әр ауа­­сын тыныстаған сәтте олардың есімі еріксіз ойға оралатыны шындық.
Бұрын көпті көрген кісілер «Татулыққа да көз тиеді» деп отырушы еді. Сол үшін ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда саф алтындай баға жетпес байлығымыз ұлт құндылығын берік сақтауымыз керек. Белгілі ақын Қалқаман Сарин «Саған жету қиын болса қаншалық, сақтап тұру қиынырақ одан да» деп азаттықтың тұрағын мәңгі етудің ауыр екенін жырлаған. Иә, кейбір елдер үшін тәуелсіздік әлі күнге дейін арман. Біздің сол арманымыз орындалды. Мұстафа Ататүрік айтқандай «шынжырларды балқытып, тәжбен тақты күйрететін күшті нұр – ұлттық егемендігімізге қол жетті».
Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Біз үйренетін ұлттан, үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар. Өткенімізді өшірмей, болашаққа дұрыс бағдар қоя білейік. Бұғау біткенге сыймай, шідер біткенді шірей тартып, тәуелсіз ел дербестігіне қол жеткізген күнді ұмытпайық. Әсіресе, келер ұрпақтың сана-сезіміне осындай бақыт бізге қалай келгенін кеңінен насихаттау керек. Өкінішке қарай, жаһандану заманында ақпараттың шексіздігі көп адамдарды қатігездікке, өзімшілдік пен елден жырақ кетуге тәрбиелеп жатқан сыңайлы. Қайсыбір бозбала мен бойжеткеннен сұрасаңыз да шетелде тұрғысы яки сол жақта қыдырғысы келеді. Ал жастарымыздың барлығы қыр асып кете берсе қазақ елін кім көркейтіп, кім дамытады? Қазақ елі сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікті әрмен қарай кім сақтап қалады? Осы уақытқа дейін «Ел болашағы – жастар» деп келеміз. Ал сол жастар бізге бостандықтың қалай келгенін, егемендіктің құны қанша екенін біле ме екен? Егер білмесе оны үйретіп, жол көрсететін – аға буын өкілдері. Олай болса, теңдессіз байлығымыз тәуелсіздікті одан әрмен баянды ету үшін екі заманның ұрпақтары бірлесе, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Үлкендер жағы білгенін үйретіп, жастар тарапы білмегенін әркез сұрастырып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырса құба-құп. Сонда ғана еліміздің егемендігі мәңгілік болып қалады.

Ақсәуле САПАЕВА
15 желтоқсан 2020 ж. 758 0