Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры

Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры



Еліміз Тәуелсіздік тәжін киіп, егемендік еншілегелі 27 жыл. Осынау басымыздағы бақ-мұратымыздың қаншама жылдар бабалар аңсаған, жандарын құрбан еткен аманат екендігін тарихтар дәлелдеуде. Осы тізімдегі ең шешушісі 1986 жылғы желтоқсандағы Алматы қаласындағы қазақ жастарының бодандықтан босап, азаттық аңсау әрекеттері еді. Сол жастардың арасында алаңға шығып, өз құқықтарын талап еткендері үшін жала жабылып, жапа шеккендердің қатарында ауданымыздан 30-дан аса азамат болған деген дерек бар.
Олардың барлығы сол бір дүр сілкіндірген толқудың кезінде оқудан шығарылып, партия қатарынан шеттетілді. Тіпті, кейбірі жазықсыз абақтыға да қамалды. Сонау әділетсіздіктің салдарынан сол жалындаған жастардың тек тәніне ғана емес, жанына, жүрегіне жара түсті.
Тәуелсіздік күні қарсаңында "Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры" тақырыбымен ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы «Желтоқсан» оқиғасының куәгерлерімен кездесті. Жиынға аудан жастары мен оқушылар қатысты. Алдымен желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, құрмет көрсетілді. Әрі қарай алдағы тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған Ә.Оразбекұлы жылы лебізін арнады.
– Қай халық үшін де тәуелсіздік – қастерлі ұғым, ұлы мұрат. Желтоқсан оқиғасы кезінде ел намысын қолдан бермейтіндеріңізді көрсеттіңіздер. Егемен еліміздің ерлік жолында, тарихында сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Ол кезде бастан кешкен қиындықтарыңыз ұмытылмақ емес. Президентіміз: "Дүниеде Тәуелсіз қазақ елі бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!" – деген болатын. Ендеше, бүгінгіден де бақуатты күндерді жақындату үшін бірге еңбек етейік – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Кездесу барысында осынау жайттарды көзімен көрген жерлестеріміз қысқаша баяндап, толқынысты сәттерді тағы да бастан кешті. Бүгінде елуді алқымдаған жандар сол бір зұлмат кезеңнің артта қалғанына шүкіршілік етіп, тәуелсіздіктің баянды болуын тіледі. Аудан басшысы жиынға қатысушыларға Шиелі ауданының 90 жылдығына арналған төсбелгі мен алғыс хаттар табыстап, сый-сипат жасады. Кездесу ауданөнерпаздары ән-күйден шашуларымен жалғасын тауып, көпшілік естелік суреттерге түсті. 
Дина ӘБІЛАСАН.
13 желтоқсан 2018 ж. 1 423 0