Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кент іші толық жарықтанады

Кент іші толық жарықтанады

Тарихының тамыры тереңде жатқан киелі Шиелі өңірінің тау мен тасын, күріші мен ырысын, елі мен жерін қаламына арқау еткен ақын-жазушылардың сан теңеуін оқып жүрміз. Дегенмен кенттің көркін қашырған түйіткілді мәселелер жоқ емес. Өңірдің өсіп өркендеуі, гүлдену, аббаттандыру жұмыстары мен жөндеуді қажет ететін жолдардың барын да естен шығармаған абзал. Халық көкейіндегі сан сауалдың жауабын білмекке кент әкімі Ғабит Аманжоловпен сұхбат ұйымдастырған болатынбыз.
– Кент жайлы сөз қозғалса, тазалықтан бастау алады. Құтымызды қашырған қоқысты айта-айта Жамал апа қартайып, жаза-жаза қаламның да ұшы мүжілді. Қалдық тастауға арналған жәшік жоқ көшелер де бар. Таптаурын тақырыпқа айналған тазалық мәселесі неліктен оң шешімін таба алмай тұр?
– Тазалық – тәртіптен басталады. Ең әуелі қоқыс тастау мәдениетін қалыптастырмай жұмыс өнбейді. Әрине, барлық көше талапқа сай қоқыс тас­тайтын жәшікпен қамтылмаған. Кемшін тұсы осы болғандықтан аудан әкімі Қ.Мүбараковтың қолдауымен қаржы қарастырылып, жәшік орнату жұмыстары қолға алынатын болады. Бірақ тазалық мәселесінің оң шешім табуы үшін тұрғындар да атсалысуы керек деп ойлаймын. Өйткені, қоқыс жәшігіне жетер-жетпес жерге қолындағы қалдықтарды лақтырып кететін тұрғандарды өз көзіммен де көрдім. Айыппұл да салынды. Алайда, күні-түні аудан халқын бақылап ­отыра алмаймыз. Ал бақылау камералары толық жұмыс істемейді. Алдағы уақытта бұл мәселені де жоспарға іліп, құқық бұзушылық әрекеттерді байқаған сәтте тиісті айыппұлды салатын боламыз.
– Кеш қарайса қараңғылыққа оранатын кенттің көше жарықтары 2008 жылы Н.Нәлібаев орнатқаннан соң қайта қолға алынбады. Мәселен, ­Яссауи көшесіндегі – 11 шам, Бұдабайда – 9, Әл-Фараби бойында 8 шам жанбай тұр. Биылғы жоспарға көше жарығы енді ме?
– Расында, көше жарығы өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Осы уақытқа дейін бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі қолбайлау болып келеді. Оның үстіне лотқа түскен жобаларға техникалық базасы толық емес мердігер компаниялар түсіп, жұмыстың уақытылы сапалы істелуіне кедергі келтіреді. Көше бойындағы шамдарды уақытылы ауыстыруға техникалық базасы сай келмей ұзартып жүргендіктен, халықтың да арыз-шағымы көбейіп кетеді. Дәл осы келеңсіздік тазалық мәселесінде жиі қайталанады.
Ал биыл «Жұмыспен қамту Жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында  349 миллион 777 теңге қаржы қаралып отыр. Соның 148 000 млн теңгесін Шиелі кенті, Көкшоқы мөлтек ауданына түнгі жарық бағаналарын орнатуға жұмсайтын боламыз. Кент іші толық жарықтанатын болады.
– Кент ішінде жол салынбаған, салынған күнде жөндеуді қажет ететін ойдым-қырдым жолдар бар. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де жиі айтылып жүр. Биылғы жоспарға қандай көшелер ілінді?
– Осы кезге дейін атқарылған жұмыстарға мен де қанағаттанбаймын. Өйткені, бөлінген қаржы біріне жетсе, біріне жетпейтін. Биыл аудан әкімі Қ.Мүбараков жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, жоспардың ауқымын кеңейтіп отыр. Шиелі кенті бойынша 27 көшеге жай жөндеу, тас төсеу, ГПС жұмыстары жүргізілуде. Ал Б.Майлин, ­Кәрімбаев және ГРЭ-2, Досанов, Жарықбаев, Ш.Есенов пен Әбдікәрімов көшелерінің аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүреді. Сондай-ақ, Бәкіров, Бұдабай, Әл-Фараби және Тоқтаров, Бекежанов, Қоңыратбаев, Аймауытов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынатын болады. Облыстан қаралған қаржы бойынша Қ.Қожасов, А.Айтенов, М.Молдыстамов, Қ.Қожасов тұйығы мен Палымша, Оспанов ГРП-23 көшелерінің жолы жөндеуден өтеді.
– Жер кезегі жайында не айтасыз?
– Жер кезегіне 2007 жылы тіркелгендер алып жатыр. Иелігіне алған жер телімін 3 жыл ішінде пайдаланып, құрылыс жүргізбеген жағдайда жерді қайтарып алатын боламыз. Биыл да 300-ге тарта жер пайдаланылмай тұр. Жер иелеріне ескерту берілді. Іс-әрекет болмаған жағдайда тамыз айында жер кері қайтарылып келесі кезекте тұрған тұрғындардың тізімін алға ілгерілететін боламыз. Ең бастысы барлығы заңды, талапқа сай жүзеге асуына баса мән беріп отырмыз.
– Шиелі – киелі мекен. Оның абаттандырылып, гүлденуі мен түрленуі маңызды. Алайда, ағаш отырғызу мәселесінде шетін қалып жатқан жайлар жеткілікті. Мәселен, ерте көктемде отырғызылуы тиіс көшет кеш егіледі, қураған ағашты кесіп, оған күтім жасау тағы бар. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жоспарға енді?
– Иә, Шиелі – құтты мекен. Алыстан ат терлетіп келетін қонақтар да жеткілікті. Сондықтан көрер көзге көрікті, таза, әдемі өлкеде тұрғанды бәріміз қалаймыз. Республикалық қаржыдан Көкшоқы мөлтек ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласы мен кенттегі аллеяны абаттандыруға қаражат бөлінді. Сонымен қатар Рәміздер алаңы мен Тағзым алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүреді. Жақаев саябағында күтіп ұстауды назардан тыс қалдырмаймыз. Ал осы аталған жұмыстардың барлығына дерлік жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылған адамдар қамтылады. Яғни әктеп, сырлау, сыпыру сынды елене бермейтін жұмыстардың өзі біршама қаражатты қажет етеді. Ал ағаш отырғызу, жасыл желектендіру жұмыстарының кеш жүргізілуі – тағы сол мердігер компаниялардың кешіктіруінен туындап жатқан кедергілер. 
– Соңғы кезедері әкімдіктің есігін қағып шу шығаратын жандар көбейіп кетті. Бұл атқарылып жатқан жұмыспен халықты ақпараттандырудың әлсіздігінен ба, әлде...
– «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді». Хәкім Абай қоғамның осал тұсын дәл айтып кеткен емес пе? Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойы. Осы тұста оның «масылдық сана» туралы айтқан тағылымдарын еске алмасқа болмас. Өйткені, есік қағып, жағдай айтып келетін әйелдер қауымы. Ал олардың ер азаматтары жұмыссыз. Оларға қоғамдық жұмыс ұсынсаң, істеуге намыстанады. Ал әйелі осылай жағдай айтып әр есікті қағып жүргеніне қымсынбайды. Бүгінде 85 мың айлыққа жұмыс істейтін адам таппай отырмыз. Әрине, нағыз тұрмысы ауыр, қиындыққа душар болған отбасылар бар. Олардың сұрайтыны баспана. Ал ол үшін кезекті күту шарт. Бірден заңды кесіп өтіп ешкімге көмек бере алмаймыз. Мүмкіндігінше қиын тұрмысты отбасыларға қолдау танытып келеміз. Сондықтан сабырлық сақтап, масылдық санадан арылуымыз қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жоспарға ілінген жұмыстар жүйесін тапқай деп тілейміз!

Сұхбаттасқан  Г.ДҮЙСЕБАЙ  
20 маусым 2020 ж. 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930