Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық тәртіптен басталады

Тазалық тәртіптен басталады

Газеттің тұрақты оқырмандары біледі, жыл басынан бері кенттің тазалығы, бей-берекет жатқан қоқыстар, тұрмыстық қалдыққа толы арықтар жайлы бірнеше мәрте басылым бетіне мақала жарияланған болатын.
Ауданның көркіне қатысты қоғамда сан түрлі пікір бар. Кенттің тазалығын айтып, шағымданушы тұрғындар да аз емес. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді кез келген мәселенің екі жағы барын ескеру қажет. Әсіресе, БАҚ өкілдері қандай түйіткіл болмасын әр тараптың пікірін тыңдап, құлақ асуға міндетті. Осыны ескеріп, кент әкімі Ғабит Аманжоловқа жолығып, кентті тазалау жұмыстары қаншалықты жүзеге асып жатқанын сұрадық. Кент басшысының тұрғындарға айтар уәжі де жоқ емес екен.
– Кенттің әр тұрғынын тазалыққа бей-жай қарамауға шақырамын. Тек әкімдік қызметкерлерінің жұмысымен ешнәрсе бітпейтіні белгілі. Сондықтан ауданның әр азаматы таза аймақта өмір сүру үшін біркісідей атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ең бастысы, кент тұрғындары тазалыққа жауапты мекеме «Сазқұм» ЖШС-мен келісімшартқа отырса деймін. Өйткені, көп адамдар үйінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды қалтаға салып, көшеге қойып кетеді. Ол жиналып, бір күндері қоқыс полигонына айналуы әбден мүмкін. Ал әкімдік қызметкерлері ондай жағдайға жеткізбес үшін күн сайын кентті аралап, әр үйдің есігін қағып, «Апа, қоқысты тастамаңыз» деп айтып жүруге мәжбүр. Ал қоқыс тазалайтын мекемемен келісімшартқа отырса, күнделікті аулаға шығарған қоқысын алып кетіп тұрады. Сонда тазалық жайлы ешқандай мәселе болмас еді, – дейді.
Иә, кент басшысы көтерген мәселенің жаны бар. Тазалық – ең алдымен мәдениеттіліктің көрінісі. Оның үстіне лас, күл-қоқыс қаптаған аумақта өмір сүру адамның денсаулығына да әсер етпей қоймайтыны белгілі.
Кент әкімдігі аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жыл басынан бері көпшілік жүретін орындарды, саябақтар мен скверлерді лас­тап, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған 52 азаматқа айыппұл салған. Тек бұл ғана емес 7 айдың ішінде инфрақұрылым объектілерін бұзған 163 адамға ескерту де берілген екен. Бұл цифрлар айналаның тазалағына бей-жай қарап, ауданның көркеюіне алаңдамайтын тұрғындардың көптігін аңғартады.
Тазалық – әркімнің ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз үйінің жан-жағын таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек.
Кез-келген тұста күл-қоқыс ұшып, шашылып жатса, небір сәнді ғимараттардың сиқын қашыратыны тағы бар.
Соңғы уақытта жүргіншісі көп орталық көшелердің бойына тұрмыс қалдықтары мен қоқыс тастайтын арнаулы темір жәшіктер (контейнерлер) көптеп орнатылуда. Тіпті пластик бөтелкені бөлек, тұрмыстық қатты қалдық пен тағамнан қалған қалдықты бөлек салатын да контейнерлерді кездестіруге болады. Өкініштісі, 50 метр жердегі қоқыс жәшігіне баруға ерініп, қолындағы балмұздағының қалтасын тұрған жеріне тастай салатын тентектер азаяр емес.
Қысқасы, кенттің тазалығына тек әкімдік жауапты деп қарап отыруға болмайды. Әрқайсысымыз өз үйіміздің, ауламыздың, жүрген жеріміздің, тұрып жатқан елді мекеніміздің таза болуына жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Сонда ғана ауданның көркі арта түседі. Бұған көше комитеттерінің төрағалары, сол көшеде тұратын ақсақалды ардагерлер, ақ жаулықты аналар жанашырлық танытып, жүрген жерінде көрші-қолаңдарына, көше тұрғындарына ескертіп отырса дейміз.

Гүлхан
СӘБИТҚЫЗЫ
24 тамыз 2019 ж. 1 318 0