«АЛБАСТЫСАЙДЫ» БIЛЕСIЗ БЕ?
Сол бiр сұрапыл уақыттарда жазықсыз жала жабылған жандарды әйел, еркек демей «Албастысайға» қарай айдағанда балалар үлкендерден «бұлар қайда кетiп барады?» деп сұрайды екен. Сонда үлкендер «Қайтпасқа» деп жауап беретiн болыпты. Қазiр бұл жер «Қайтпас» шағынауданы деп аталады. Ал, атынан адам шошитын «Албастысайдың» орнына «Қасiрет» мемориалы тұрғызылған.+
Тарихшылар саяси қуғын-сүргiн жылдарына дейiн де бұл сай өлiм жазасына кесiлген адамдарды жазалайтын орын болғанын айтады. Мәселен, Қоқан хандығы билiк құрған уақытта өкiметке қарсылық көрсеткендердi «Албастысайда» айыптау жүзеге асқан екен. 1932 жылы Сталиннiң бұйрығымен антикеңестiк азаматтар да осы жерде жантәсiлiм етуi тиiс болған. Осы бұйрықтың негiзiнде оңтүстiкте I кезеңде – 1 711, II кезеңде 1 311 адам ату жазасына тартылған. Бұдан басқа 12 мыңға жуық адам сегiз жылдан 12 жылға дейiн темiр торға тоғытылыпты.
1928 жылы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерге «ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айып тағылады. Олардың да арасында темiр торға қамалып, жер аударылып, «Албастысайда» ату жазасына кесiлгендерi бар. Репрессия жүргiзiлген жылдары өз ойын, пiкiрiн бiлдiрген азаматтар да «халық жауы» атанып, жазаға тартылады. Жалпы, Оңтүстiк өңiрiнiң 2500-ден астам тұрғыны осы қасiреттi зұлматтың құрбанына айналғаны туралы ресми дерек бар. Тарихтың ашылмаған беттерi әлi де баршылық. Сондықтан халық үшiн жанын қиғандардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкiн.
Репрессияның қанды құрсауына iлiнген асылдарымыздың сүйегi жатқан «Қасiрет» мемориалы бүгiнде қайта абаттандырылып, жасыл баққа айналып келедi. Мемориал iшiне енсеңiз алдыңыздан үлкен алаң шығады. Ол зұлмат заманды, қуғын-сүргiн құрбандарын еске түсiредi. Сайдың жарқабақ тұсына түрменiң темiр торы қойылған. Оның арғы жағында жасаурап тұрған жанар... Одан жоғары қарай көтерiлсеңiз, ату жазасына кесiлген күйеуiнiң артында сәбиiн құшақтап қала берген ананың сұлбасы көрiнiс берген ескерткiштi кездестiресiз.
Көнекөз қариялар саяси қуғын-сүргiн құрбанына ұшыраған боздақтардың қаншасы көмусiз қалып, ит-құсқа жем болғанын айтады. «Жендеттiң атқан оғынан ауыр жараланып, бiрден жантәсiлiм ете алмай, шалажансар болып азап шеккен құрбандардың даусы қозыкөш жерге дейiн жететiн. Бiз шарасыз күйде қалатынбыз» дейдi олар. Осынау зұлмат жылдар басталғанға дейiн бұл сайда жеркепелер мен үйлер болған. Адамдар өмiр сүрiп, тiршiлiк еткен. Кеңес Одағы орнағаннан кейiн «Жасасын» деген атпен артель болып қайта құрылады. Алайда, осы кезде тұрғындар ол жерден көшiп, терең сай мал жайылатын жайылымға айналады.
Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Шымкентте алғаш рет саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған мұражай ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «31 мамыр – Cаяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi» деп белгiлендi. Жылда осы күнi жергiлiктi жұртшылық «Қасiрет» мемориалына келiп, атпал азаматтарды еске алып, олардың рухына Құран бағыштап, ас берудi дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргiн мұражайына экскурсия жасап, ондағы экспонаттарды тамашалайды.
Айта кетейiк, тарихшылар саяси қуғын-сүргiнге ұшыраған жандар жайлы мәлiметтерге тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана зерттеу жүргiзiп, бұл тақырыпқа дендеп ене бастады. Оған дейiн бұған ешкiм қалам тербеп, терең бойламаған болатын. Мұражай қызметкерлерi де құнды жәдiгерлердi, мәлiметтердi iздестiруге кiрiстi. Олар айына кемiнде 50-60 адамның аты-жөнiн тауып, сұрастыру шараларын жүргiзедi екен.
Айта кету керек, аталған сайда құрбан болғандардың басым бөлiгi – Оңтүстiк өңiрiнiң азаматтары. Сондықтан арыстарымыздың сүйегi жатқан жердi қастерлеп ұстау қай-қайсымыздың да азаматтық парызымыз деп бiлемiн.
Едiлбай КӨШЕРБАЙ, ОҚО мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi орталық» МКҚК-ның ғылыми қызметкерi.