Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЙБЕК БИ КIМ БОЛҒАН?

ҚОЙБЕК БИ КIМ БОЛҒАН?


Қойбек би XIX ғасырдың екiншi жартысында қазiргi Жуалы, Түлкiбас, Сайрам, Төлеби аудандарында өте беделдi, елдi отырықшылыққа үйреткен, қара қылды қақ жарған әдiл де шешен, бiлгiр би болған. Заманында небiр ушыққан дау-дамай, талас-тартыс, жесiр дауы мен жер дауы, ұрлық-қарлық пен зорлыққа байланысты насырға шапқан iстер Қойбек бидiң алдынан шешiмiн таппай қайтпайды екен. Оның арғы атасы бүкiл қазақтың басын қосқан Абылай ханның қол бастаған нояндарының бiрi – Қоралас Жауғаш батыр. Ал, әкесi Мыңбасы Мерке жерiнде елге сыйлы, бiлiктi де беделдi кiсi болған көрiнедi. Ол баласы Қойбектi ел билеу iсiне ерте араластырып, дау-дамайға төрелiк айтып, бiтiм жасайтын қариялардың қасына отырғызып қояды екен. Осылай өмiрде көргенiн, түйгенiн жадында сақтаған жас бала зерделi де зерек болып өседi.
Ендi тарихтан там-тұмдап жеткен осы деректердi қолымызға түскен нақты мәлiметтермен толықтыра кетейiк.
1908 жылы Ташкенттегi «Түркiстан әскери округi штабының» баспаханасынан шыққан «Материалы по киргизскому землепользованию» деген кiтапта Сырдария облысының Шымкент уезiндегi шаруалардың тыныс-тiршiлiгiне кеңiрек тоқталады. Бұл кiтап ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Ғылым комитетi «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кiтапханасының Сирек кiтаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттер қорында сақтаулы. Осы кiтаптың 44-шi бетiне көз жүгiртсеңiз, оның қысқаша мазмұны қазақшаға аударылғанда мынадай болып шығады.
...Суармалы жерлердi пайдалану көбiнесе арық жүйесi арқылы жүзеге асқан. Қырғыздар арықты өте үлкен күшпен, былайша айтқанда, тұтас бiр рудың немесе бiрнеше тайпаның күш бiрiктiруi арқылы қазып отырған. Мысалы, Дәубаба арығын Машат болысын жайлаған қоралас деген рудың адамдары Шаншар деген кiсiнiң басшылығымен осыдан 70 жыл бұрын қолға алған. Алайда, бұл iс нәтижесiз болды. Одан кейiн бұл құрылысты Боқбасар деген азамат қолға алып, су жүргiздi. Бiрақ, бұл iс те аяқсыз қалып қойды. Дегенмен, Дәубаба арығы 10 жылдың iшiнде Қойбек бидiң күшiмен ретке келiп, қоралас руының адамдары диқаншылықпен айналыса бастады. Арық түгел қазылып бiткенiмен оны үнемi бақылап, кей жерлерiн түзетiп отыру қажет болды. Ол үшiн арнайы бақылаушы қойып, оған «арық билерi» және «мұрап» деп ат қойды. Мұрапқа қауымның есебiнен ерекше ақы төленiп отырды...
Бұдан әрi жазбада арықты пайдалану, жыл сайын кұдайы берiп отыру тәртiбi айтылады.
Қазiргi таңда осы бабамыздың тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың деректерi бойынша Қойбек би шамамен алғанда 1818 жылы дүниеге келген болса керек. Ал, бұл кезде Ресей патшалығының қазақ даласын үшке бөлiп, бiртiндеп орыс переселендерiн орналастыра бастағанын тарихтан бiлемiз. Келiмсектермен бiрге ауыл шаруашылығы құрал-саймандарының келе бастауы қазақтардың егiншiлiкпен айналысуына едәуiр ықпал жасады. Дегенмен, көшпендi халықтың ұрпағы отырықшылыққа бiрден бой ұсынып кете қоймады. Осы мәлiметке қарағанда, Қойбек бидiң жастық шағы Оңтүстiк өңiрiн Қоқан хандығы билеген тұста өтсе, есейiп, елге билiк айтар шағы Ресей империясы қазақ жерiне өз билiгiн жүргiзе бастаған кезге сәйкес келедi екен.
Мiне, осыдан кейiн шығысы Ақсу-Жабағылы, Иiрсу, күнгейiнде Дәубаба өзенi ағып жатқан, бiрақ мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген жерге су шығарып, егiн салдыру, халықты диқаншылық кәсiпке үйрету мәселесi Қойбек бидiң ойынан кетпейдi. Бұлақтың басын, жайлы жердiң бәрiн переселендер алып қойған. Ал, жергiлiктi қазақтарға шағыл тасты, су шықпайтын қыраттар ғана қалған. Тегiс жер болса бiрсәрi, қыратқа бiртiндеп су көтерiлетiндей етiп арық қазу iсi жиналған жұрттың бiлек күшiн, ерлiгiн қажет етедi. Осындай кезде Қойбек би судың ағысын, жердiң жатысын таңдай бiлетiн бiр мұрапты алып, арық жүретiн жердi шолып шығады. Жарлауыт, шағыл, қойтастардың ара-арасымен жүрген мұраптың көзiне сондай кезде құйрығы бұлаңдаған қырдың қызыл түлкiсi елестейдi. Сол бұлаң қаққан түлкiнiң iзiмен iлесе белгi салып отырған мұрап болашақ арнаның бағытын белгiлептi деседi.
Бiзге жеткен деректерге үңiлсек, 1840 жылдары Қойбек би шатқалдан бастау алатын Дәубаба өзенiн бөгеп, 10 жылда ұзындығы 30 шақырым келетiн каналды қазып бiтiрген екен. Осы арық-каналға қажеттi жұмыс қолын бар қаражатын жұмсап, өжеттiлiкпен Мойынқұмдағы, Меркiдегi өзiнiң руының 400-дей отбасын көшiрiп әкелiп пайдаланған. Мұны көрген орыс мұжықтары бастарын шайқап, таңқалған деседi. Техника бара алмайтын құлама кұздың арасынан қайла мен кирканың күшiмен 170 метр биiктiкке су шығару адам сенбейтiн оқиға дестi олар. Осы арық-каналдың суымен 2500 гектар жер суландырылған екен кезiнде. Бұл канал Кеңес өкiметi орнағанға дейiн қазақ шаруаларына 60 жыл қызмет етiптi. Биыл каналдың салынып бiткенiне 170 жыл толады.
«Майлыкент жерiнде қазылуы өте күрделi мұндай бiрде-бiр арық-канал жоқ» дейдi қазiргi көзi тiрi қариялар. Шатқалдардың арасымен екпiндей құлап аққан суды бiлектiң күшiмен, ақыл-айламен қырға, жотаға шығару, шынында адам сенбейтiн жағдай. Көктем айында ағысы атты адамды ағызып әкететiн Дәубаба өзенiне осылай бұғалық салынып, арнасы дөңестi қырқаға арындайтын канал осылай дүниеге келiптi. «Бұл арықпен су кемi 100 жыл ағады» деп артына сөз қалдырып кетiптi қасиеттi бабамыз. Осыдан кейiн елдiң қамбасы астыққа толып, мамыражай тiрлiк кешiптi деседi. Бiрақ, кешегi кеңес өкiметiнiң белсендiлерi Қойбек бидiң әулетiн бай-құлақ деп қуғын-сүргiнге ұшыратқан. Осындағы отырықшы елдi күштеп Мырзашөл өңiрiне көшiргеннен кейiн Дәубаба өзенi «күрсiнiп», өзiнiң әу бастағы арнасына қайта құлаған дейдi бүгiнгi жұрт. Сол көзiнiң тiрiсiнде «Қойбек би арығы» аталып кеткен каналдың арнасы күнi бүгiнге дейiн бүлiнбей сақталған. Өкiнiшке қарай, жүздеген гектар суармалы жер игерусiз, табиғи шабындық, малға жайылым ретiнде қалып қойды.
Қойбек би заманында тек дау-дамайға араласып қана қоймай, ауыл балаларының сауатын ашуға да көп ықпал етiптi. Мектеп үйiн салдырып, ұстаздық етуге бiлiктi молда алдырған деседi. Екi рет Меккеге барып, қажы атанған. Қойбек бидiң немересi Әбiлда Сатынбеков қазақтан шыққан республикалық дәрежедегi алғашқы заң қызметкерi болған екен.
http://okg.kz/
22 қараша 2017 ж. 2 136 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031