«КЕНЕСАРЫ КЕТКЕН СОҢ...»
Қазақ тарихында азаттық, тәуелсiздiк жолындағы күрестер бiр сәт те тоқтаған емес. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билiктi жоюы, қазақ жерлерiн күштеп тартып алуды одан әрi үдете түсуi, қазақ қоғамында әлеуметтiк қатынастардың шиеленiсуi Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiстiң тұтануына себеп болды. Қазақтардың ХVIII-ХIХ ғасырларда болған барлық көтерiлiстерiмен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiстiң ерекшелiгi, оған үш жүздiң қазақтары түгелге жуық тартылды. Күрестiң бұқаралық сипат алуы оның басты саяси ерекшелiгi едi.
Әкесi Қасым хан мен ағалары Есенгелдi, Саржанның орыс патшасының саясатына қарсы көтерiлiсiне қатардағы сарбаз болып қатысқан Кенесары әкесi мен бауырлары жау қолынан қаза тапқан соң патшаға қарсы күрестi өзi бастайды. 1837 жылы ол орыс патшасының қазақтың шұрайлы жерлерiн тартып алғанына наразы болып, атамекендi керi қайтару мақсатымен халықты күреске шақырды.
Патша өкiметiнiң қазақ даласына салған бекiнiстерiн талқандап, өртеп жiберемiн деп билiкке сес көрсеттi. Кенесары ұлы жүздiң жерлерiн Қоқан хандығынан қайтарып, қазақтарға бөлiп бермекшi болды. Ежелгi тәуелсiздiктi қалпына келтiремiз, тәуелсiз қазақ мемлекетiн құрамыз деген ұранмен күрес жүргiздi. Сонымен қатар, патша өкiметiнiң қазақтарға салық салуына да үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Оның әскерiнiң iшiнде қазақтың үш жүзiнен аса беделдi, есiмдерi елге әйгiлi батырлар болды. Атап айтқанда, Шұбыртпалы Ағыбай батыр, Қыпшақ Иман Дулатов, Табын Бұқарбай батыр, Жоламан Тiленшиев, Тама Құрман, Шапырашты Бұғыбай, Арғын Меңдiбай, Атығай Аңғал, Қыпшақ Басықара, Арғын Жеке батыр, Дулаттан Жәуке, Сұраншы, Байсейiт, Шәкiр Толыбай батырлар сияқты үзеңгiлес жолдастары болды.
Кенесары батырларының әлеуметтiк құрамы да әркелкi едi. Қара халықтан шыққан батырлармен қатар Кенесарының жауынгерлерiнiң арасында аты әйгiлi Наурызбай сұлтан, Табын руының биi Жоламан Тiленшиев, Сарман сұлтан Тұрсынханов, Саржан сұлтанның ұлы Ержан, Құдайменде сұлтан, iрi феодалдар мен билер Шоң Едiгенов, Шорман Күшiков, Мұса Шорманов, Кенесарының туыстары Сейiлхан Бегалиев, Ораз Бопинов, Босалқа Тоқтамысов және басқалары болды. Осынау көтерiлiске алғашқы күндерден бастап орыс, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, қырғыз секiлдi көптеген ұлт өкiлдерi де қатысты. Олардың кейбiреулерi Кенесарыға кеңесшi болса, бiрқатары қару-жарақ дайындаумен айналысты. Татар Әлiм Жагудин әскери кеңестiң мүшесi, өзбек Сайдаққожа Османов Кенесарының сенiмдi көмекшiсi болды. Ал, орыс Малкин хатшысы болса, Наурызбайдың жеке көмекшiсi орыс Николай Губин деген адам едi.
Кенесарының негiзгi мақсаты – елiнiң бостандығы, тәуелсiздiгi, қазақтың басқа елдер сияқты дербес мемлекет болуы едi. Кенесары мен iнiлерi, қазақтың айтулы батырлары мен билерi, ру басылары соңғы демi қалғанша осы жолда күрестi. 1840 жылы Кенесарының әскерiнде 20 мыңға жуық жасақ болған. Ол қазақ жерiне кiрiп келе жатқан патша әскерлерiне қарсы халықты ұйымдастырып, Ақмола бекiнiсiн тас-талқан еттi. Әрине, оның сарбаздары көп жылғы соғыста шыңдалған, жаужүрек болғанымен, мұздай қаруланған орыс әскерiне айбалтамен, қылыш-найзамен, садақпен ғана қарсы шыққандықтан түбегейлi жеңiске жете алмады.
Бұдан өзге, Кенесарыны қазақтың сұлтандары, оның iшiнде өзiнiң жақын ағайындары – Абылай ханның басқа немерелерi қолдамай, қарсы шыққанын да айтпасқа болмайды. Сұлтандар Маман Абылаев, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Күшiк Айшуақов, Дайыров, Ахмет Жантөрин және басқалары қарсы шығып қана қоймай, Кенесары ханның ұлы армандарының жүзеге асуына кедергi келтiрдi. Мысалы, М.Әуезовтiң «Хан Кене» пьесасында Кенесарының Мұса биге айтқан «Арзаннан табылатын бақ iздейсiң, мен бақ пен шен iздесем, сендер сияқты ақ патшаға жағынар едiм, Жаманбай, Қоңырқұлжа, Баймағанбет алған ордендi мен де алатын едiм. Мен соны ойлап жүрмiн бе? Мен қазақ баласының қамалған көшiне септiгiм тиер ме деп жүрмiн ғой. Езiлiп бара жатқан елдiң жоғын жоқтап жүрмiн ғой. Бүлiнгенi бүтiнделер деп бас қамын ұмытып жүрген жоқпын ба? Сол ел үшiн сүйенгенiм сенбiсiң, сен өлтiруге де тұрмайсың. Бар, кете бер!» деген сөзi қандай.
Кенесары жетекшiлiк еткен ұлт-азаттық күресi 1837 жылы басталып, он жылға созылды. Алайда, күрес 1847 жылы Кенесары мен iнiсi Наурызбайдың басқа да қазақ батырлары мен сарбаздарының жауларының қолынан қаза табуымен тоқтап қалған жоқ. Ұлы Сыздықтың көп жылға созылған күресiмен одан әрi жалғасты.
Жамбыл Сыздық сұлтанға:
Сен бiр қалған көз едiң,
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды,
Бұл өңiрге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған, — деп жыр арнады.
Ал, Нысанбай жырау:
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан ауды бағымыз.
Кенесары кеткен соң,
Иесiз қалды тағымыз, – деп жырлады.
Ресей империясының өктемдiгiне тайталаса қарсылық көрсеткен Кенесары ханның ерлiкке толы iс-әрекеттерi iзсiз кеткен жоқ. ХIХ ғасырдағы отаршылдық езгiнiң тереңдеуiне қарсы болған қазақ халқының азаттық үшiн күресi ары қарай жалғасып, 1916 жылғы ұлт-азаттық күресiне және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ұласып, өткен жылы 25 жылдығын тойлаған Тәуелсiздiгiмiздiң бастауы болды десек қателеспеймiз.
Биыл ұлт-азаттық көтерiлiске — 180 жыл, Кенесары мен сарбаздарының қайтыс болғанына — 170 жыл, Кенесары Қасымұлының туғанына 215 жыл толып отыр.
Кенесары бабамыз бен оның шейiт болған сарбаздарын еске алып, рухына бағыштап ас берудi 7 қазанға жоспарладық және сол күнi республикалық ғылыми конференция өткiзсек деген ниетiмiз бар. «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» демекшi, патриоттық-тәрбиелiк iс-шаралар өткiзiп, ерлердiң рухын тербесек, мұның өскелең жас ұрпақ үшiн берерi аз болмаса керек.
Москау НОҚРАБЕКОВ.