Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атасы Меккеде жерленген Қаныш Сәтбаев

Атасы Меккеде жерленген Қаныш Сәтбаев


Қаныш Сәтбаевтай қазақ ғылымын биікке көтеріп, ұлтына өле-өлгенше қалтқысыз қызмет еткен жан кемде-кем шығар. Ғалым Қаныштың тұлға боп қалыптасу жолын түрлі себептермен байланыстырарымыз анық. Алайда ең негізгі себеп оның иманды, өнегелі отбасынан шыққаны, діни, қазақи тәрбие көргені десек, артық айтқандық емес болар…

Қаныштың шын аты – “Ғабдулғани” 
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында ел арасына сыйлы, өнегелі әулетте дүниеге келді. Академиктің шын аты – Ғабдулғани болатын. Арабшадан аударғанда, «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. Ал кейін анасы «Ғани», «Ғаныш» деп еркелете келе, ол «Қанышқа» айналған.
Ғалымның ата тегі туралы қаныштанушы жазушы Медеу Сәрсеке: «Қаныштың атасы Сәтбай – қажылыққа барып, Меккеден қайтпаған, сонда өмірден өткен жан. Оның үлкен әйелі Күнсұлудан Имантай, Әмін, Жәмін, Зейін атты төрт ұл туады. Имантай соның барлығына басшы болған. 1845 жылы Имантай туғанда Сәтбай жайлауда үлкен той жасаған. Ат жарыстырып, балуан күрестірген. Имантайға ат қойғанда, бата беріп айтқан Сегіз серінің 147 жол өлеңі бар. Сәтбайдың екінші әйелі дүниеден ерте өтіпті. Аты-жөні бізге беймәлім. Одан бір қызы болса керек. Сәтбай мыңға дейін жылқы біткен ауқатты адам болған. Кейін жылқысының барлығын Жәмінге берген. Имантай – жүзге жетпейтін жылқысы ғана болған орта шаруа. 1899 жылы Қанекең туғанда Имантай өз болысының биі болыпты. Сөзге шешен, қазақтың мақал-мәтелдеріне жетік, ән салып, домбыра тартатын жан екен. Сәтбай әулетінің парасаттылығы сондай – Қанекең ол әулеттен шыққан бірінші білімпаз емес. Зейіннің Әбікей деген баласы 1886 жылы Омбының мұғалімдер семинариясын бітірген, Баянауыл мектебінде мұғалім болған, орыс тілінен сабақ берген. Қанекең 1962 жылы Американың Принстон университетіне жолдаған анкетасындағы  «Сіз білім алғаныңыз үшін кімге қарыздарсыз?» деген сұраққа Алашорда көсемдерінің бірі болған, 1937 жылы атылып кеткен ағасы туралы тұңғыш рет сөз қозғап: «Оқуға түскенім үшін ескі интеллигент Әбікей ағама қарыздармын» деп жауап беріпті. Ал туған ағасы Ғазиз (Бөкеш) туралы сұрағанда, Әлкей Марғұлан Қанекеңнің көзінен тұңғыш әрі соңғы рет жас көріпті. Жылап отырып: «Мен ағамның талантының маңайына да бара алмаймын. Ол менен әлдеқайда артық еді. Тұнып тұрған талант еді. Бірақ зама- ны солай болды», – депті. Ашаршылық жылдары елге барған ол ағасын өзінің қаржастары «байдың баласы» деп ұстап берген екен. 1925 жылдары Абайдың баласы Тұрағұл ауылына келген Әлкей Марғұланға: «Біздің Ертіс бойында Имантайдың екі ұлынан асқан білімпаз, оқымысты адам жоқ. Біз ол екеуінің маңайына бара алмаймыз», – деген екен», - деп жазады. Осының барлығы жазушының осал жерден шықпағанын көрсетсе керек.
Сәтбай қарияның заманында Құнанбай, Досжан қажылар секілді Меккеге барып, құлшылығын атқарып қайтқан қазақ зиялылары аз болмаған. Ал сонда өмірден өтіп, қасиетті жердің топырағы бұйырғандар сирек. Қаныштың атасы –сол аздың біреуі. Тілектер қайтарылмайтын Қағбаның жанында тұрып, Сәтбай қарт ұрпағы үшін дұға тілемеді дейсіз бе? Сөзсіз, тіледі ғой… Қаныштың кейінгі өміріне қарап, ізгі ниет, адал жүректен шыққан дұғаның қабыл болғанын көргендейміз.
 
Жаяу Мұсаның көңілі түскен Қаныш
Бала Қаныштың кішкентайынан басы үлкен болыпты. Сонда әкесі Имантай баласының басының үлкендігіне қарап: «Менің осы балам не сөз ұқпайтын маубас, не елден асқан данышпан болады» дейді екен. Әке үміті ақталды. Өйткені бала кезінен ойынға онша жоқ, асық ойнаса да бір сағаттан соң жалығып, басқа қызығушылық іздеп кететін, үлкендердің әңгімесін тыңдауға құмар Қаныш кейін үлкен ғалым болды. ХХ ғасыр басындағы өзге зиялыларымыз секілді Қаныш та сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Павлодардағы орыс-қазақ мектебінен білім алады. Одан кейінгі білім алу жолы Семей мұғалімдер семинариясында (1914-1918), сосын Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде (1921-1926) жалғасты.
Жастайынан алғыр, зерек баланың әсіресе, Жаяу Мұсамен кездесуі халық арасында жыр ғып айтылады. Бұл туралы да Медеу Сәрсекенің Қаныш туралы кітабында: «1916 жылы Қанекең Жаяу Мұсаға сәлем бере барғанында, әнші төсек тартып жатыр екен. Жаяу Мұсаның «Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?» – дегеніне, Қанекең: «Ой да қосылады ғой, аға», – деп жауап береді. Енді әнші «Маған қандай базарлығың бар?» – деп сұрағанда, Қанекең оған: «Базарлықты сіз үшін Шыңғыстаудан арнайы алып келдім», – дейді. Ауылға қайтып бара жатқанда жанындағы Нұрлан екеуінің жұмбақтаған сөзінен ештеңе түсінбегенін айтып, мән-жайдың анығын сұрайды. Сонда Қаныш: «Нұрлан, сен қызықсың. Ол менен базарлық деп қант-кәмпит сұраған жоқ, үйреніп келген жаңа әнімді сұрады», – деген екен. Сол сапарда Жаяу Мұса Қанекеңе көк қаршығасын байлайды. Қанекең қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: «Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық», – деп құсты алмай кетеді. Мұны кейін естіген Имекең: «Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің», – деп риза болыпты». Жас Қанышқа көңілі түскен ақсақал келер жылы өмірден өтеді. Имантай ауылына қонақ болып, қаршыға салу Жаяу Мұсаға сол күйі бұйырмаған екен. Осы бір шағын оқиғадан да Қаныштың үлкендердің тілін таба білген үйірсек, қағілез қалпын көреміз.
 
Өзінен халқын биік қойған ғалым Қаныш
Қаныш жастайынан Алашорда үкіметімен тығыз қарым-қатынаста болды. Алаш зиялылары қазаққа оқулық жазуымыз керек деп әрқайсысы бір-бір кітапты қолға алғанда, Қанышқа бұйырғаны “Алгебра” оқулығы болатын. Ғалым оны небәрі 19 жасында жазып шықты. Ал оның ақындыққа жақын болғанын Әбділда Тәжібаев: «Қаныштың ұлы ақындарымыздың бірі екеніне бүгінге дейін шәктеніп көрген емеспін. Рас, ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тілін түсінетін, далада жатып жердің алып жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын, тереңдегі мұнайлар шуылын еститін. Оған тас сөйлеп, сыр шертетін, темір ән айтатын. Ол нағыз адам еді ғой», - деген сөзінен көреміз. Ал Сәбит Мұқанов болса: «Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын. Жалпы, Қаныш сөзге сараң кісі еді. Ол өз білгенін орынсыз айта бермейтін. Ал кездесулерде, үлкен жиындарда, басқосуларда басқалардан озық шығып, ойлы келіп отырады. Ғылымның бар саласынан бес саусақтай хабардар еді, бәрін де жете білетін. Әркім одан жақсы ой, пайдалы пікір, әдемі әңгіме, алуан жаңалық есту үшін баратын», - деп жазады. Оған Сәтбаевтың музыкаға жақындығын, биді күшті билейтінін, бір жазда қаршығамен 120 қаз алған құсбегілігін қосыңыз. Ол жоғарыда айтылғандардың қайсысын таңдаса да, үлкен жетістікке жетері анық еді. Алайда оның таңдауы қазақ үшін таңсықтау саналатын геология саласына түсті. Ол қазақтың жерінің байлығын ел игілігі үшін пайдалану керектігін түсінді. Сөйтті де, геология саласына түбегейлі ден қойды. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А.Хахлов ғалымның студенттік шағы туралы былай дейді: «Қаныш Сәтбаев өте қарапайым, момын шәкірт еді. Алайда оның білімге деген ынтасы бірден байқалды. Бірде мен оған кафедрадағы кітапхананы қарап шығуға кеңес бердім. Одан соң Вальтердің «Шөл даланың түзілу заңдары» деген кітабын оқуды тапсырдым. Кітапты қайтарған кезде ол маған көптеген сұрақтар қойды. Тегі, ұнаған-ау деймін. Өйткені «Қазақстанның өзіме таныс бөлігінде жер бедерлерінің қалайша пайда болғанын енді ғана түсінген сияқтымын» дегені есімде қалыпты». Ол өзі таңдаған саладан бақыт тапты. Бір естелігінде: «Менен «Өз өміріңдегі аса зор бақыт дегенді қалай түсінесің?» - деп сұраса, онда мен өзіміздің елімізде өмір сүру және жұмыс істеу секілді зор құрметтің үлесіме тигендігін өзім үшін ең үлкен бақыт санайтындығымды алға тартар едім», - дейді, ғалымның өзі.
Ол ұлтын, халқын, өзі өмірбойы зерттеген туған өлкесінің топырағын ессіз жақсы көрді. «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпас», - деген ғалым үнемі ұлтын алға қойып сөйледі. 1947 жылы кеңестік делегациямен Лондонға барған Қаныш Сәтбаевтың Черчиллге айтқанын жұрт әлі күнге аңыз етеді. Сапар барысында қазақ баласын алғаш көрген Ұлыбританияның  әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе  қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанекең: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті деседі. Сөйткен ғалым қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосып, академия ашып қоймай, оның байлығын «Біздің байлығымыз мол болғанмен, шексіз емес» деп қызғыштай қорып өтті.
Қаныш Сәтбаевтың кешірімшілдігі
Ақырет күні Алла тағаланың алдында амалдар таразыға тартылған кезде таразы көтере алмайтын амалдардың бірі кешірімшілдік деседі. Көркем мінездің негізгі ұстындарының бірі саналатын кешірімділік Қаныш Сәтбаевтың негізгі қасиеттерінің бірі болса керек. Ғалымның күйеубаласы Оразай Батырбеков мынандай естелік айтады: “Қанекеңнің ең басты қасиетінің бірі кешірімшілдік еді. Әкесі Имекең өлгеннен кейін Қанекең Мәскеуде болып, келесі жылы Баянауылға барған соң, ағасы Ғазизбен кеңесіп, «Кеңес үкіметіне «пайдасы» тимей, қудалауға түседі-ау» деп, туыстарымен Омскінің Азов ауданын паналайды. Қанекең туыстарының ішінен жұмысқа жарайтындарын Қарсақбайға жұмысқа алады. 1937 жылы Ғазиз аға Омскіде ұсталып, «халық жауы» деген жаламен жазықсыз жапа шегеді. Негізі, ол кісіні ұстау оңай соқпай, Омскіге адам жіберіп, Ғазиздің бір татардың үйіне түсетінін бақылаған НКВД  өкілдері үш кісіге осы шаруаны тапсырып қояды. Олардың бірі орыс болса, екеуі Баянауылдың қазақтары екен. Көп ұзамай Ғазиз Сәтбаевтың әлгі үйге келе жатқанын көрген тыңшылардың біреуі оны ұстап береді. Кейін олардың өздері сотталып, біреуі өледі. Қанекең академияның президенті болып тұрғанда, тірі қалғаны арнайы келіп: «Ғазиздің ұсталуына кінәліміз, Қанеке, кешіріңіз», – деп басын иіп, кешірім сұрайды. Сонда Қанекең: «Сенен кінә жоқ, жағдай солай болды», – деп кешірім беріп қана қоймай, «Жеңгең ауру, үйге шақыра алмаймын, мынау қонақасың, жол ақың», – деп қолына ақша ұстатып, рақмет айтып шығарып салған екен”.  Қаныштың орнында басқа адам болса, сүйікті ағасын қиын жағдайға ұшыраған адамды кешірер ме еді, кешірмес пе еді, кім білсін?! Бұл жағдай Пайғамбарымыздың с.а.у. сүйікті ағасы Хамзаны өлтіргендерді кешірген оқиғасына қандай ұқсас еді.
Ал Қанекеңе Социалистік Еңбек Ері атағы берілетін кезде ғалымның жерлестері, өзіміздің қазағымыз артынан арыз жаудырған ғой. Мәскеуге келгенде соны естіген Қанекең: «Арызды жерлестерім жазса, мен әлі жеткілікті жұмыс жасамаппын, еңбегім сіңбеген екен» деп бұрылып жүре беріпті. Тіпті, олардың кім екенін білсе де кек сақтамапты деседі. Бұл да адамшылығы үлкен жанның қолынан келер іс екені анық.
    Қаныш Сәтбаев өмірінен және бір қызық дерек, оның Кеңес үкіметі кезеңінде өмір сүрсе де, екі әйелі болғандығы. Бірінші әйелі Шәрипа туралы өзі: «Шырылдиым – шаңырағымның құты» десе, ал екінші әйелі Таисия бәйбішеден туған балаларды жат көрмей бауырына басқан, кейін ғалымның мұрасын шашау шығармай жинақтап, мұрағатқа тапсырған – аяулы ана.
 
 

ҚАНЫШ СӘТБАЕВТЫҢ ЖАСТАРҒА ӨСИЕТІ

    Жас адам өмір сүргенде сол өмірді босқа өткізуге тиісті емес. Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күнініңзден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз. Ісіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер. Не нәрсені болсын нағыз адамгершілікпен түсіне біліп, жасай білсеңіздер, бұдан сіздердің отаншылдығыңыз бен асқан патриоттық сезіміңіз айқын көрінер еді. Сіздердің мінез қасиеттеріңізде адамгершілік бірінші болып орын алса, шыншыл, батыл, тиянақты, жігерлі және кішіпейіл адам болған болар едіңіздер.
    Жеткен жетістік пен табысқа мақтану, масаттану – сіздер үшін қасиет емес. Бүгінгі табыстан келер таңдағы міндеттер үлкен. Сол міндеттерді орындауға ұмтылыңыз. Бүгінгі білгеніңізден ертеңгі білетініңіз көп. Сол білетініңізді білуге асығыңыз. Сонда ғана сіздер Отанымызға пайдалы азамат боласыздар. Білімді болу, ғалым болу өмірді танудан, көп оқып, көз ізденуден, шаршамай, талмай еңбек етуден болады.  
islam.kz
17 қараша 2017 ж. 5 060 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031