Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫНТАС ҚАНДАЙ ҚАЛА БОЛҒАН?

СЫНТАС ҚАНДАЙ ҚАЛА БОЛҒАН?


Сынтас қалашығы – Қазығұрт ауданына қарасты бұрынғы Амангелдi (қазiргi Сынтас) ауылының шығысы мен Келес өзенiнiң сол жағалауында орналасқан төбе. Сонау Х-ХҮI ғасырларда Ұлы Жiбек жолы бойында өмiр сүрген қалалардың бiрi.
 
Бұл төбенi алғаш рет 1957 жылы Қазақстан археологиялық экспедициясы тапқан болатын. Одан кейiн 1982 жылы Шымкент педагогикалық институты жанындағы археологиялық бөлiмшенiң экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Соның нәтижесiнде, ақ, көк, сары, қоңыр түстi керамикалық заттардан жасалынған құмыралардың сынықтары мен қақпақтары табылды. Айта кету керек, төбенiң биiктiгi 10-11 метрдi құрайды.+
Сынтас қалашығы осы уақытқа дейiн мазарат болып келген едi. Қазiргi таңда оның аумағы белгiленiп, археологиялық ескерткiш ретiнде тiзiмге енгiзiлiп, мемлекет қорғауына алынды. Бұл жерге марқұмдарды жерлеуге тыйым салынған. Ежелгi қалашық әлi де тереңiрек зерттеудi қажет етедi.
Жақында ауыл ақсақалы Ибраим Молдабековпен бiрге әңгiмемiзге арқау болып отырған Сынтас қалашығына бардым. Сонда бiр байқағаным, төбе басында тұрған қоңыр түстi тасты Бәйдiбек бабамыз сонау Қызыл теңiзден арнайы әкелген екен. Оның екi бетiнде мөр бар. Ол осы уақытқа дейiн зерттеушiлер назарынан тыс қалып келедi. Өйткенi, бұл туралы әлi ешбiр жерде айтылған емес.
Қария бiр кездерi бұл белгiнi тас бетiне шыққан мүк екен деп сүрткенiн айтады. «Арада бiрнеше уақыт өткенде қайта келiп қарасам, белгi сол күйiнде тұр екен. Зер салған адамға тастағы таңбаның аю мен көкбөрi бейнесi екенi тайға таңба басқандай көрiнедi. Қаншама ғасыр жойылып кетпей, сол қалпын сақтап келе жатқан оған таңқалмауың мүмкiн емес. Бұл да болса бiр Жаратқанның құдiретi шығар» дейдi қария.
Төбе басында әр жерге қойылған бұдан басқа да тастарды кездестiрдiк. Олардың көлемi әртүрлi. Барлығында арабша жазылған жазу бар. Кейбiр деректерде Сынтас қалашығы қорғанысы мықты, берiк қамалдардың бiрi болған деседi. Жаугершiлiк заманда жау қамалды қаншама уақыт қоршауда ұстағанымен, берiк қорғанды бұзып iшке ене алмаған көрiнедi. Содан қамалға баратын су жүйесiн тоқтатып, қала халқын тiршiлiк нәрiнен қыспақ болады. Бiрақ, ол ойлары жүзеге аспайды. Өйткенi, қалаға жер асты жүргiзiлген құбырлар арқылы су келiп тұрған. Оның қай жерден бастау алатыны әлi күнге дейiн құпия сақталған. Бұл да зерттеудi қажет ететiн дүние. Мынадай қайсар халықты жеңуге, қамалды бұзып кiруге басқа амал таппаған жау керi шегiнуге мәжбүр болған екен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көне тарихи құндылықтарымызды жаңғырту қажеттiгiн айтқан болатын. Осыны негiзге ала отырып, Сынтас қалашығының атауын бiр ауыл шеңберiнде қалдырып қоймай, одан да жоғары деңгейге көтеру керек деген ойды жеткiзгiм келедi.
Едiлбай КӨШЕРБАЙ, 
22 қараша 2017 ж. 6 380 0