Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер ананы аялайық ағайын!

Жер ананы аялайық ағайын!

Біздің ауыл қызылқұм мен сұлу Сырды тел еміп өз күнін өзі көріп, барға қанағат жасап елім аман, жұртым тыныш болсын деп бір Алладан тілек тілеп отырған ауыл едік. Соңғы он жылда бізден тыныштық кетті.
Тыныштығымыздың бұзы­луына басты себеп, жер үсті байлығымыз сексеуіл, жер асты байлығымыз қызыл мияның та­мыры. Ауыл халқына ненің заңды, ненің заңсыз екенін айтып тү­сіндіруге ауыл әкімгершілігі мен жергілікті полиция қызметкерлері дәр­мен­сіздік танытуда.
Дария бойындағы қызыл мияны соқамен түрен салып айдап, ауыл халқының жайылымдық жерін ақ шаңдаққа айналдырып жатқандарға еш шара қолданбайды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп, атам қазақ айтқан емес пе? Қасиетті қызылқұм­ды жел тұрғанда құм­ көшкінінен сақтайтын сексеуілдің тағдыры қызыл миядан да сорақы. Соңғы 4 жылда сырттан келіп жұмыс жасап жатқан лас әрекеттер қызыл кітапқа енген сексеуілді троспен қиратып, отатып станокқа салып туратып, көлемі 40 тонналық жүк көлікке тиеп алып кетіп жатыр. Мұны көретін ауыл әкімі мен учаскелік полицей жоқ. Соңғы 3-4 жылдың өзінде 200 фураға жуық отын бұталып, тиелген. Сонда қызылқұмда қаншама жетілмеген тал шыбық сексеуіл қыршын кетті. Бұл туралы аудандық ішкі істер басқармасына қанша хабарласып айтқанымызбен еш нәтиже болмай отыр.
Осы жерде сонау бір замандарда болған тарихи оқиғаға жүгінгенді жөн көріп отырмын. Кезінде тарихта түркі қағанаты деген мемлекет болған. Сол түркі қағанатын қағандар басқарған. Қытай жылнамасында МОДЭ, қазақ шежіресінде мүдде қаған деген атпен тарихқа атын ойып жазған, түркі мемлекетінің қағаны болған. Мүдде қаған ел басқарып тұрған уақытта мынадай тарихи оқиға болыпты.
Мүдде қаған сарайында отырса сарай қызметінің басшысы келіп: – Тақсыр, көрші елден елші келіп тұр, өзіңізге айтатын маңызды шаруасы бар көрінеді, – дейді. Мүдде қаған дереу билерін, батырларын жинап елшілерді қабылдап: – Иә, аса да құрметті көршілерім, не шаруамен келдіңдер айта отырыңдар, – деп сұрапты. Сонда елшілерді бастап келген басшысы: – Тақсыр, біздің елдің басшысы айтады, сіздің жауға мінетін тұлпарыңыз сізге лайық емес, маған лайық сол тұлпарды беріп жіберсін, – деп. Мұны естіп отырған билер мен батырлар орындарынан өре түрегеліп; – Мынау кімді басынып отыр, елшінің басын алып, етін шабамыз, – деп аттан салады. Мүдде қаған оң қолын оқыс көтеріп бәрін тоқтатып; – Тоқтаңдар, түркілердің сол тұлпарды туған биесі сондай тұлпарды тумас дейсіңдер ме, бір мал үшін көршімен араздаса алмаймыз. Тұлпарды ер-тұрманымен, ат-әбзелімен беріп жіберіңдер деп бұйырады. Арада ай өтіп елшілер тағы келеді. Елшілерді қабылдап, бұйымтайын сұрайды. Сонда елшінің басшысы; – Тақсыр, сіздің жас сұлу әйеліңіз бар екен, соны біздің ел басымыз сізге емес, өзіне лайық көреді, сондықтан, сол сұлуды бізден беріп жіберші, – дейді. Тағы да билер, батырлар орындарынан атой салып түрегеп, – Мыналар бір емес, екі емес кімді басынады елшінің басын алып, елін шабайық, – деп ұсыныс жасайды. Сонда Мүдде қаған билерін, батырларын ақылға шақырып тоқ­татып; Бұл сұлуды өмірге әкелген түркінің әйелдері осындай бір сұлуды тумас дейсіңдер ме, бір әйел үшін көршімен араздаса алмаймын, барлық жасауымен, атауымен сұлуды беріп жіберіңдер деп бұйырыпты.
Арада біраз уақыт өтіп елшілер тағы келіпті. Елшілерді қабылдап: – Иә, құрметті көршілерім не бұйымтаймен келдіңдер айта отырыңдар, – дейді. Сонда елшілердің басшысы орнынан тұрып; – Тақсыр, сіздің жас жайлауыңыз сізге емес, біздің ел басына лайық екен, соны көп уақыт алмай маған берсін, – деп жатыр. Мүдде қаған билеріне, батырларына не дер екен деп қараса бәрі үнсіз төмен қарап қалған екен. Сонда мүдде қаған орнынан тұрып алдаспанмен елшінің басын шауып түсіріпті. Сөйтіп тез арада әскерін жинап көрші елдің шектен шыққан басшысына соғыс ашып елін, жерін жаулап алып, тұлпарын да, сұлуын да қайтарып түркі қағанатының керегесін кеңейтіп алып мемлекет етіпті. Өзінің жеке мүддесінен елінің, ұлтының мүддесін жоғары қойған Мүдде қаған осындай әділ істерімен тарихта қалған. Міне, ұлт үшін туған ұлдың ұстанымын бабаларымыз бізге осылай көрсеткен. Олар туған жерінің ұлтарақтай шеті болсын аман алып қалуды азаматтық ар санаған. Соның нәтижесінде, әлемде жер көлемі жағынан 9 орын алатын осыншама жерді ұрпақтарына аманаттап, байлықтың үлкенін беріп кетті. Ал, оны асты-үстіндегі байлығымен қоса аман сақтау бүгінгі ұрпақтың басты міндеті болу қажет.

Пернебай ІЗМӘМБЕТҰЛЫ.
Қарғалы ауылы.
21 қараша 2017 ж. 3 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031