Қазақ отбасындағы қыз баланың тәрбиесі
Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Қазақ халқы әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеп келген. Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз. Қазіргі жастар жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Иә, заман өзгергенімен, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз өзгерген жоқ. Адам өмірінде ешқандай қиындық болмайды деген кепілдік ешкімде жоқ. Адам алдында қандай қиыншылық күтіп тұрғанын болжай алмайды. Әр адамның басында қуаныш пен қайғысы қатар жүретіні рас. Алайда, осындай қиындықтардан шығудың да түрлі жолдары бар. Көбі сол қиындықтан алып шығатын жолды таппай қатігездікке, қателікке бой алдырып жатады. Міне, осы жерде оған отбасында анасымен, жеңгесімен сырласуы өте қажет. Сондай-ақ, біз баланы өте қатал тәрбиелейміз. Тәрбиелеу осы екен деп тым қаталдыққа салыну да бала жастан қызды жалтақтыққа алып келетінін ұмытамыз. Осыдан барып, қыз өз анасына ойындағысын айтуға жасқанады. Сол үшін қызды кішкентайынан өзімізге әбден сендіріп, анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіруіміз керек. Қыз – болашақ ана, бір әулеттің үлгілі келіні атанатындығын санасына сіңіріп, әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетіндігін айтып отыру керек. Бастысы, соның ішіндегі дұрыс, оңтайлы жолды таңдай білу. Отбасы мен мектептегі тәрбиеден бөлек адам өз-өзін тәрбиелеуі тиіс.
Ақерке АСАН,
аудандық емхана психологі.
Ақерке АСАН,
аудандық емхана психологі.