Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Несібесін құрылыстан тапқан

Несібесін құрылыстан тапқан

 

«Тірлігі тындырымды» деген тіркесті естіген шығарсыз. Санамызға сақталып қалған осы бір теңеу бүгінгі кейіпкерімізге айтылған сияқты. Осы ретте, «Еңбек – әлемнің әміршісі» деген Елбасының салмақты сөзін басшылыққа алсақ, халыққа қалтқысыз қызмет етуді – басты мұрат еткен құрыш қол құрылысшы Көрікбай Жүністаев ширек ғасырдың ішінде биязы болмысынан әлі күнге бірде-бір рет ауытқыған жоқ деп айтуға толық негіз бар. Мақалада айтылар әңгіменің түпкі төркіні де осы.
Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мәртебелі мамандық. Бұлай деуімізге әлемнің қай түкпіріне барсаң да құрылыс жұмыстарының бір сәтке де бәсеңдемейтіні, зәулім ғимараттардың бой көтеріп, адамзат игілігіне айналып жатқаны және құрылысшылардың қолынан шыққан, сан ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтпаған туындылар толықтай дәлел бола алады. Міне, осындай жауапкершілігі зор мамандықты меңгеріп, кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға үйретуден жалықпаған Көрікбай Жүністаев 1940 жылы 17 қаңтарда дүниеге келген. Өмір деген ұшқан құстай зымырап өте шығатыны секілді, ауданда 30 жыл ғұмырын құрылыс саласына арнап, еңбектің ыстық суығына төзіп, өзіндік қол таңбасын қалдырған құрылысшы. Қарапайым қалпынан айнымаған, кісілік пен кішілікті бітім-болмысын да таза ұстап, алтын қолымен талай құрылыстың кірпішін қалаған зейнеткерді 2017 жылы 9 тамызда облыс әкімі Қ.Көшербаев Құрметті құрылысшы төсбелгісімен марапаттады. К.Жүністаевтың өмір жолы Кеңес Одағы кезінде басталып, ғасырға жуық ғимараттардың яғни, қазіргі 5 этажды Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі, № 219 мектепті, 3 этажды аурухананы, поштаны құрылысшылармен бірге салып,  тағы да басқа нысандардың кірпішін қалады. Құрылыста бригадир болып, қарамағында жиырма шақты құрылысшылармен бірге  басы қасында жүріп атсалысты. Еңбегі жанған Көрікбай 1974 жылы құрылыс нысандарын уақытында тапсырғаны үшін,  Еңбек Қызыл Ту ордені, Лениннің 100 жылдығы медалі, ҰОС 20 жылдығы медалімен марапатталды. Бұл сол кездегі еңбектің бағаланғаны болар. Талай шәкірттерді тәрбиелеп, құрылыстағы ерен еңбегі үшін кеңес кезінде 10 жылдай құрметті азаматтар тақтасында суреті мақтанышпен ілулі тұрды. Бұл құрылысшының ғана емес, жалпы ұжымның, ауданның жарқын жетістігі болатын. Елу бес жасында зейнеткерлікке шыққан құрылысшы, жары Ағипа Бекенбаевамен 1973 жылы отбасын құрып, 3 ұл ұяға, 2 қызын қияға қондырып, оларға өнегелі тәрбие беріп, балаларына жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Бүгінде отбасының ұйытқысы, мейірімді әке, ауылдастарына сыйлы азамат, 12 немеренің атасы.
Кейіпкеріміз әңгіме арасында құрылыс қарқын алған өңірде өндіріс өркендейтінін баса айта отырып, аудан болашағының баянды екеніне сеніммен қарайтынын жеткізді. Иә, еліміздің болашағы одан әрі жарқын болу үшін аянбай еңбектенуіміз керек. Жұмыр басты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқыратып тұратын еңбек болғандықтан, қашанда барлық нәрсе еңбекпен келетінін, қай қоғамда да еңбек адамы сыйлы болатыны айдан анық.
                 
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
30 қыркүйек 2018 ж. 816 0