Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне кәсіптің иесі

Көне кәсіптің иесі

Көрікбай Жүністаев – құрылысшы. Құрылыс пен сәулет өнері – адамның алғаш пайда болуынан басталған көне кәсіп. Ғасырлар ауысса да бұл кәсіп әрдайым дамып, жетілуде. Оған мысал ретінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі тарих қатпарларынан үн беретін көптеген ескерткіштерді айтуға болады. Қай заманда да сәулет-құрылыс кәсібі адамзатқа қаншалықты қажет екендігін дәлелдей түсті.Тарих қойнауынан өміршеңдігін мойындатып келе жатқан мамандық бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Әр заманда сәулетшілер қиялынан туындаған ғажайып ғимараттар құрылысшылар арқылы жер бетінен қоныс тапты. Өмір деген ұшқан құстай зымырап өте шығады. Ауданда 30 жыл ғұмырын құрылыс саласына арнап, еңбектің ыстық суығына төзіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Көрікбай Жүністаев айтулы азамат. Қарапайым қалпынан айнымаған, кісілік пен кішілікті бітім-болмысында таза ұстап, алтын қолымен талай құрылыстың кірпішін қалаған құрметті құрылысшы төсбелгісімен марапатталған маман иесі. К.Жүністаевтың өмір жолы Кеңес Одағы кезінде басталып, ғасырға жуық ғимараттардың яғни, қазіргі 5 этажды Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі, №219 мектепті, 3 этажды аурухананы, поштаны құрылысшылармен бірге салып, тағы да басқа нысандардың кірпішін қалады. Құрылыста бригадир болып, қарамағында жиырма шақты құрылысшылармен бірге басы қасында жүріп атсалысты. Сондай-ақ бригадир бола жүре, қарамағындағы құрылысшылардың отбасылық жағдайын назардан тыс жібермей, қамқор бола білді. Тіпті, ауызбіршілік пен татулыққа ерекше мән берді. Еңбегі жанған Көрікбай 1974 жылы құрылыс нысандарды уақытында орындағаны үшін, «Қызыл ту» орденімен марапатталды. Бұл сол кездегі еңбектің бағаланғаны болар. Талай шәкірттерді тәрбиелеп, кеңес кезінде 10 жылдай құрметті азаматтар тақтасында, құрылыстағы ерен еңбегі үшін, суреті мақтанышпен ілулі тұрды. Кезінде өңірде түрлі шараларда жүріп, 6 жылдай аудандық сотта халықтың сайлауымен қойылатын мәслихатшысы болды. Елу бес жасында зейнеткерлікке шыққан құрылысшы жары Ақипа Мекенбаевамен 1973 жылы отбасын құрып, 3 ұл 2 қыз тәрбиелеген. Оларға өнегелі тәрбие беріп, бәріне де жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Бүгінде отбасында өнегелі де, мейірімді әке ауылдастарына сыйлы азамат, 12 немеренің атасы.

Ж.НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.
06 тамыз 2018 ж. 3 427 0