Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылысшылар сардары

Құрылысшылар сардары


Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында негізі адами капитал – деп әрбір тәуелсіз Қазақстан азаматының еліміздің дамуындағы орнын анықтап, оның жақсы да жарқын істерін айтуды, бізге аманат етті. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған аудандағы құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласқан зейнетке шықса да, аттан түспеген жасы жетпіс бестен асса да, қолынан құрылыс саймандарын тастамаған, жомарт жүректі абзал тілекті, жаны жайсаң Шәмшінің әндерін орындағанда құрылысшы емес нағыз әншіге айналатын Ораз Ибраев біздің кейіпкеріміз. Жақсы жар тауып, заманына сай ұрпақ өсіріп отырған нарық заманының көшіне сай ғұмыр кешіп келе жатқан азаматпен қалай мақтансаң да оны қалай мақтасаң да айтуға тұрарлық. Мен Ораз жайлы сырттан келген өзін танымай, интервью алатын тілші сияқты емес, талай жыл ағалы-інілі болып жанымызда жүрген, сыйласқан, дос-іні ретінде білгендіктен жазып отырмын.
Ораз Төлеубайұлы 1944 жылдың 12 қыркүйегінде Шиелі кентінде дүниеге келген. Әкесі Төлеубай ағамыз зейнетке шыққанша теміржолдың күзет бөлімінде жұмыс істеді. Анасы Үрқия бала тәрбиесімен болып, кейін балалары ержеткеннен кейін Шиелінің нарық заманына бейімделген алғашқы қарлығаштары ретінде саудамен айналысты. Әрине, кеңестік жүйеде саудагер деп аталатын бұл кәсіптің қиындығы көп болатын. Мәскеу, Ташкент қалаларына барған сапарымызда заттарымызды Жаңақорған, Бәйгеқұмнан түсіріп, үйге ағаң екеуміз мотоциклмен таситынбыз деп отыратын үйіміз кілең ОБХСС қызметкерлерінің бақылауында болатын дейтін. Әрине, жалғыз ерінің айлығымен дүниеге келген 5 ұл, 2 қызды асырау, оқыту оңай болмағандықтан да, Үрқия жеңгеміз тәуекел жасап, қиын іспен айналысқан шығар. Балаларының тұңғышы Ораз 1961 жылы Шиелі кентіндегі қазақ орта мектебін бітірді. Мектеп қабырғасында жүргенде жазғы демалысты Еңбекшіде әкесінің туған ағасының баласы Амангелдінің үйінде көп болатын. Ораздың келуін ауыл балалары асығып күтетінбіз. Ораздың спорттың барлық түрінен хабары мол болатын, спорт киімдері футболка, крассовкаларды киіп келгенде бәріміз таңырқап, қолмен ұстап көретінбіз. Әсіресе, Ораздың орысша сөйлегеніне таң қалатынбыз. Біздің алғашқы спортқа еліктеуіміз орыс тіліне қызығуымыз Ораздан бастау алғандай.
1961 жылы мектеп бітірісімен Шымкенттегі қазақ химия-технологиялық институтының азаматтық құрылыс факультетіне түсіп, оны 1966 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Менің де жолым түсіп, 1963 жылы қараша айында аудандық денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен Шымкенттегі үш айлық рентген-техниктер даярлайтын курсқа оқуға барып, жатақханадан Оразды тауып алдым. Қасында Харьков, Есен деген студент достары бар. Бәрі бокспен айналысады екен, мен де осыларға еліктеп, бокс секциясына бардым. Сол кездегі бокстың Қазақстандағы жұлдыздарды Сейдахмед, Қонақбаев, Кенжебек Наумовтар мен бірге болу, олардың кәсіби шеберлігін көру бақытына ие болдым. Ораздың студенттердің арасындағы абыройын, беделін көріп, келешек өндіріске араласқанда «жақсы маман, мықты азамат боласың-ау» деп, ой топшыладым. Шынында Ораздың еңбек жолына қарап менің ой қорытқаным дұрыс болғанына назар аударарсыздар.
1966 жылы оқу бітіріп келген жас маман Жаңақорған кентіндегі 1603 сельстрой мекемесінде шебер болудан бас­тады. Сол мекемеде жүріп Шымкент қаласындағы фосфор зауытының іргетасын қалады. 1968 жылы Шиеліден «Кзылордасельстрой» тресінің «1607 ПМК» мекемесі ашылып, жұмысқа ауысып, Жөлектегі балабақшаны Шиелі кентіндегі базардың жанындағы 24 пәтерлік үйлерді салады. Қазіргі аудандық аурухана құрылысының учаске бастығы болды. Аурухана құрылысын өзім жүргізгендіктен бе, көзіме ыстық көрінеді – деп жиі айтады. 1970-1981 жылдар аралығында ПМК-45 ПТО-ның бастығы, Түркістан құрылыс басқармасында бас инженер, «Казсантехмонтаж» мекемесінде бас инженер қызметтерін абыроймен атқарған. 1991 жылы Навои қаласындағы Ленинабад тау-кен комбинатының Шиелідегі учаскесінің бастығы болып РУ-3 мекемесінің алғашқы қазығын қағады. Кеншілер қаласындағы мектеп, балабақша құрылыстарын жүргізді. 2004 жылы уран өндіретін мекемелер Қазақстанға бағынышты болып, бұрынғы мекеме РУ-6 болып құрылып, құрылыс учаскесі тарайды. 2004 жылдан бастап жұмысын тоқтатпай, өзінің сүйікті мамандығын құрылыстың сапасына жауап беріп, техникалық қадағалаушы ретінде жалғастырып келеді.
Техникалық қадағалаушы құрылыстың сапасына жауап беретін беделді тұлға, ол тазалықты, білімпаздықты, аңғарпаздықты талап етеді. Ал, Ораздың бойынан осы қасиеттердің бәрі табылатындықтан, өз жұмысын адалдықпен атқарды. Жақында бір аста Сарыағаш ауданында мектеп салып жатқан құрылысшымен әңгімелесіп қалудың сәті түсті.
«Ойпырмай, сіздің ауданда Ораз деген технадзор бар екен. Біз объектіні өткізу үшін сол жақтан алып келіп, барлық құрылысымызды көрсетіп, қол қойдырып алдым. Біздің жақта құрылысты салғанмен, оны өткізу технадзорға қол қойдырудан артық қиындық жоқ. Ораз құрылысты аралап, сапасын көріп, бізді қинамай қол қойып берді». Азамат екен, деп тамсана, азаматтың азаматтығына, адамгершілігіне риза болып алыс­та жүрсе де Ораздың адами қасиетіне ризашылығын білдірді. Бұндай сәттер айта берсек азаматтың күнделікті тіршілігінде өте көп. Ораздың бойындағы өз ісіне берілген кәсіби шеберлігін бағалап, 2012 жылы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы беріліп, төсбелгісін тақты. Бұл әрине ағамыздың жылдар бойына төгілген теріне, кәсіби шеберлігіне берілген әділ баға десек те болады. Әрине, бұрынғы салынған құрылыстармен қазіргі тәуелсіз қазақ елінде салынып жатқан құрылыстардың сапасы мен сәні мүлде бөлек. Қазіргі таңда бүкіл қазақ елі құрылыс алаңына айналды десек те болады. Елбасымыз Н.Назарбаев архитекторы болып салынған Астана қаласы өзінің архитектуралық сәнімен бүкіл дүние жүзін таңқалдырып, өзінің 20 жылдық мерейтойын жақында сән-салтанатпен атап өтті.
Ауданымызда да құрылыс қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Келесі жылы пайдалануға берілетін 150 орындық аудандық аурухана құрылысы күннен-күнге қарқын алып келеді. Пайдалануға берілген тәулігіне 250 адам қабылдауға арналған аудандық емхана өзінің сәулетімен елдің, жердің ажарын келтіріп тұрғандай. Барлық елді-мекендерде жаңа типтегі мектеп, балабақша, емхана нысандары пайдалануға беріліп жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары жеке меншік әріптестік ретінде салынып жатқан, емхана объектілері баршылық. Соңғы жеке меншік әріптестікпен спорт кешендері көбеюде. Жаңа типтегі спорт кешендері Жуантөбе ауылдық округінде Ақмаяда пайдалануға беріліп, елімізде бұқаралық спорттың дамуына, келешек ұрпақтың дені сау, төзімді шыншыл болып өсуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Н.Бекежанов ауылында жеке кәсіпкер Б.Әшірбеков спорт кешені мен дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл айтылып жатқан, салынып жатқан құрылыс объектілері ауданымыздың күннен-күнге өсіп өркейіп келе жатқандығының, елдің ауызбіршілігінің артып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Елбасымыздың сарабдал саясатын іске асыруға бағытталған елдіктің белгісі деп бағалауға болады. Ауданымыздың ауызбіршілігіне, елдің елдігіне бұрыннан да елеулі үлес қосып келе жатқан бүгінгі кейіпкерімізбен бірге жүрген бір мақсатта болған достары Омархан Кемелов, Тұрғанбай Әбілдаев, Назар Әйтпембетов, Тұрсынбай Мәдиев, Қуандық Әлтаевтар құрылыс саласындағы тер төккен еңбектері үшін елдің алғысын арқалап жүр.Ал, жасы келсе де өзінің сүйікті кәсібінен алыстамаған жас келсе де жүрегің қалаған жұмысыңды атқаруға, белсене араласуға мүмкіндіктің көп екендігін дәлелдеп отырған бүгінгі кейіпкеріміз Ораз ағамызды құрылысшылардың бүгінгі таңдағы сардары деуге толық негіз бар. Денің сау болып, кәсібіңізді жалғастыра берсеңіз деген тілектеміз.


Есіркеп Шәдібеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
06 тамыз 2018 ж. 1 065 0