Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жомарт жүрек

Жомарт жүрек


Елбасы Астанадағы ал­қа­лы жиын­дардың бірінде «Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан мемлекет негі­зінен өз жолынан өтті, тұ­тас­тай алғанда өзінің осы функ­ция­­сын тиімді орындады. Енді – кезек бизнестікі...» деп айтқан салмақты сөзін отандық кәсіпкерлерге үн­деу ретінде айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл сө­зін биылғы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында толықтыра түсті.
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында мыңдаған кәсіпкер тіршілігінің тасын өрге домалатып отырғаны мәлім. Сол жәрдемнің қайтарымы ретінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі жайдан-жай қозғалып отырған жоқ. Жалпы, елімізде жәрдемге зәру азаматтар аз емес. Әсіресе, қоғамның әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтары қолдауға көбірек мұқтаж. Соларға жәрдем көрсетіп, қолұшын созу – дамыған қоғамның бірден-бір белгісі. Себебі, өркениетті елдерде әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуды кәсіпкерлер өзіне абырой санайды, қоғам алдындағы парызы деп түсінеді. Әрбір Қазақстан азаматы үшін туған жерінің көсегесін көгертуге атсалысу – парыз. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Өз жиған-тергенін өзгелермен бөлісіп жүретін, қашанда айналасындағыларға қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған жомарт жандар біздің ауданда да кем емес. Солардың бірі «Әбдіманап базары» ЖШС директоры – Әбдіғани Шорабаев. Ол 2005 жылдан бастап тұрмысы төмен отбасыларына, мүгедектерге, ата-анасынан айырылған жетім балаларға көмек көрсетіп, білім ордалары мен аудан көлемінде өтетін түрлі іс-шараларға демеушілік жасап келеді.
Аудандағы үлкен сауда орнының басшысы Әбдіғани Дүйсенұлы өткен жылы 3 млн. 600 мың теңгені қайырымдылық шараларына жұмсаса, биыл 1 млн. 700 мың теңгеден аса қаржыға мұқтаж жандарға демеушілік жасаған.
Бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің мақтау қағаздарымен марапатталып, Қазақстан сауда кәсіпорындарының «Сауда үздігі – 2016» республикалық байқауында «Ең үздік сауда базары» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленген кәсіпкер қолынан келгенінше айналасындағыларға жәрдем беруді азаматтық борышым деп есептейді.
Ел мүддесі жолындағы жомарттықты басқа жақтан іздеудің еш қажеті жоқтығын, ол кез келгеніміздің кеудемізде соғып тұрғанын әрбір азамат сезінуге тиіс. Жомарттық тек ақшалай көмекпен ғана шектелмейтінін, біреудің қайғысына ортақтасып, бөлісудің өзі оған жайлылық сыйлайтынын естен шығармағанымыз абзал. Ал, аудандағы өзге де кәсіпкерлерді бар мүмкіндіктерін пайдаланып, елдің игілігі, ұрпақтың болашағы жолында күш қосуға шақырамыз.
Гүлхан ЯХИЯ.
25 желтоқсан 2017 ж. 1 922 0