Естен кетпес естелік...
Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі өнімді еңбек екені белгілі. Ендеше, әлемнің әміршісі – еңбек. Ал, жеке адамның өмірінің алтын арқауы да осы маңдай тер, табанақы, адал еңбекпен өрілетіні анық. Еңбек адамын қолға алған тындырымды ісі, мол жауапкершілігі сынды қасиеттері ерекшелеп тұрады.Біз әңгімеге арқау еткелі отырған азамат Ағман Алиев жүгері, бидай өсірумен айналысқан нағыз істің адамы.
1908 жылы Шиелі ауданы, Төңкеріс
ауылында дүниеге келген А.Алиев жастайынан трактор тізгінін ұстап, еңбекке ерте араласады. Небір қиындықты бастан өткеріп, тағдыр тауқыметін тартқан кезеңдер ешкімді де аямады. Айналаны аласапыранға салып, қанды қырғын басталған 1941 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде бронмен алып қалып, мақта егу шаруашылығында жұмыс жасайды. Ер азамат бойындағы еңбексүйгіштік, Отанға деген махаббат қан майданға өзі сұранып баруының айғағы. 1941 жылдың қара күзінде қан майданға аттанып, қиян кескі ұрыстың ортасынан бірақ шығады. Ел мен жер үшін қасық қанын аямай, ұрыс даласында сол аяғынан және иығынан ауыр жараланып, 1942 жылдың аяғына елге қайта оралады.
Жарақатына қарамастан, елге келіп еңбекке белсене кірісіп кетеді. Мақта шаруашылығы жұмысында есепші, бригадир сынды қызметтерді жауапкершілікпен атқарып, 1955 жылы Мәскеудегі халық шаруашылығының жетістіктері көрмесіне делегат болып қатысады. Тынымсыз еңбегі еселеніп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Сондай-ақ, 1975 жылы соғыс және еңбек ардагері ретінде Қызылорда облысы, Шиелі аудандық атқару комитетінің шешімімен «Жигули» автокөлігін сыйға алады.
Соғыс пен еңбек майданында қатар шираған Ағманның адамгершілік қасиетінің өзі бір төбе. Қалтасына бір түйір дән салмайтын, жора-жолдасқа зияны тимейтін турашыл жан еді. «Жетім көрсең жебей жүр» деген дана халық. Жетімнің маңдайынан сипап, бауырына басқан кең пейілін айтпасқа болмас. Қарашай ұлтының бір баласын қанатының астына алып, жетілдіреді. Балаларының ешбірін бөліп жармай теңдей көретін әкелік сезімді көңілі жарым балаға жеткізе білді. Бүгінде хат алысып, хабарласып тұратын сол ұлдың тәлім-тәрбиесі осы кісіден тараған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету ұядағы тәрбиенің жемісі. Айғанша апамыз екеуінен тараған 4 ұл, 1 қыздан 90-нан астам немере-шөбере өрбіген. Мәуелі ағаштай тамырын тереңге жайып, үлкен шаңыраққа айналған бұл отбасы көпке үлгі болуға лайық.
Көз көріп, құлақ естіген еңбек адамдары жайында ауылдас қариялар айтып, ұрпаққа жеткізбесе ұмыт қалып, санадан сөне бастайды. Әр ісін ұрпаққа үлгі етіп, еске алудың әсте әбестігі болмас. Артында қалған ұрпағы ата-баба рухына тағзым етіп, ас беруі қазақ халқының салтында бар ғұрып. Жуырда А.Алиевтің немерелері мектепаралық шахмат турнирін өткізуді көздеп отыр. Алла істеріне нұрын төксін!
Әшірбай Құндызбай.
Төңкеріс ауылы.