Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Жастар – елдің ертеңі десек, сол ертеңге бағыт-бағдар беріп, жігерін жанып, талабын ұштайтын жастар көшбасшыларының орны бөлек. Бүгінде аудан жастарының басын біріктіріп, олардың ­бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген жастардың бірі – Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Біржанұлы .
Жастық шақ – ізденістің, жаңалыққа ұмтылыстың, арман мен мақсатты қатар алып жүретін ерекше кезең. Ал осы кезеңдегі жастардың әлеуетін дұрыс бағыттап, әрқайсысының бойындағы қабілетті аша білу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ержан осы міндетті абыроймен атқарып жүрген жас басшы ретінде қалыптасып келеді. Оны әріптестері ең алдымен білімділігімен, сауаттылығымен, жан-жақтылығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін басшы ретінде бағалайды. Қандай да бір жұмысты қолға алғанда оның нәтижесіне дейін жоспарлап, әр істің ұсақ-түйегіне мән беруі – Ержанның жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Ержанның тағы бір ерекшелігі – жастардың тілін таба білуі. Өйткені жастармен жұмыс істейтін басшыға тек тапсырма беріп, талап қою жеткіліксіз. Олардың ойын тыңдау, идеясын қолдау, мүмкіндігіне сену, қажет кезінде бағыт көрсету маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, жас басшы жастардың ортасында жүріп, олардың қуанышы мен мәселесін қатар бөлісіп жүрген жетекші.
Жастар ресурстық орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз салсаңыз, мұнда қозғалыс бар. Әртүрлі мәдени, қоғамдық, спорттық және шығармашылық бағыттағы бастамаға жастар белсенді атсалысып келеді. Әр шараның артында көзге көрінбейтін үлкен еңбек, дайындық, ізденіс пен ұйымшылдық жатқаны белгілі.
Ал сол жұмыстың үйлесімді жүруіне ұжымның ауызбіршілігі де әсер етеді. ­Ержан бастаған қыз-жігіттердің бір команда болып жұмыс істеуі – соның дәлелі. Бірі идея ұсынса, бірі оны жүзеге асырады. Бірі ақпараттық бағытта еңбек етсе, енді бірі ұйымдастыру ісіне жауап береді. Әркім өз міндетін сапалы атқарғанда ғана ортақ нәтиже шығатынын жас басшы жақсы түсінеді.
Референдум секілді ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси кезеңде жастардың белсенділігін арттыруға атсалысу – үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті сезіне отырып еңбек еткен Ержан бастаған жас мамандардың жұмысы олардың тек мерекелік шараларды ұйымдастырумен шектелмейтінін, қоғамдық маңызы бар жұмыстарда да өз міндетін жоғары деңгейде атқара алатын білікті команда екенін көрсетті.
Жақсы басшының бір қасиеті – өзі ғана алға ұмтылмай, қасындағы адамдардың да өсуіне мүмкіндік беруі. Ержанның жастармен жұмысындағы басты ұстанымдарының бірі де осы болса керек. Себебі жастар орталығының жұмысы бір адамның еңбегімен емес, ұйымшыл ұжымның ортақ ізденісімен нәтижелі болады.
Міне, соның дәлелі жуырда 29-30 шілде күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Жастар ресурстық орталытарының қызметкерлері арасында Жамбыл облысы әкімінің кубогы үшін республикалық кіші футбол турнирі өтті. Турнирде еліміздің барлық өңірінен ­жастар ресурстық орталықтарының мамандары өзара тартысты ойын көрсетті. Жарысқа Шиелі ауданының Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Балабек Мейірлан Балабекұлы қатысып, турнир нәтижесі бойынша жүлделі І орынды «Қызылорда» командасы жеңіп, 500 мың қаржылай сертификат ұтып алды. Бұл жеңіс – Қызылорда облысының жеңісі.
Ержан – жастығына қарамастан, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білетін, заман талабына бейім, жаңа идеяға ашық азамат. Оның бойындағы білім мен іскерлік, қарапайымдылық пен талапшылдық, ұйымдастырушылық қабілет пен жаңашыл көзқарас – басшылық жолында үлкен артықшылық.
Жастардың энергиясы – елдің қуаты. Ал сол қуатты игі іске бағыттайтын жетекшілердің еңбегі – қоғам үшін маңызды. Бүгінде Ержан бастаған жастар ресурстық орталығы аудан жастарының басын біріктіріп қана қоймай, олардың азаматтық белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашып келеді.
Жас басшының алдағы жоспарлары да ауқымды. Өйткені жастармен жұмыс – бір күндік науқан емес, үздіксіз ізденісті қажет ететін бағыт. Ал ізденуге талабы, үйренуге ниеті, ұйымдастыруға қабілеті бар азаматтың алар асуы да биік болмақ.
Ержан Біржанұлы бастаған жалынды жастардың әр бастамасы берекелі болып, әр идеясы жүзеге ассын! Жастардың талабын қолдап, арманын қанаттандырып жүрген жас басшының еңбегі ел игілігіне қызмет ете бергей!

А.НАЗАРОВА
15 тамыз 2026 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31