Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарды қолдау – болашақты ойлау

Жастарды қолдау – болашақты ойлау

Аудан бойынша 14-35 жас аралығында 25 442 жасты құраса, оның ішінде кент жастары –11 836, ауыл жастары –13 606. Жастар аудан халқының 30,2 пайызын құрап отыр. Яғни, жастар елдің қозғаушы күші екені белгілі. Осы уақытқа дейін жастарға жасалып келе жатқан мүмкіндіктер толассыз. Әлеуметтік-экономикалық немесе тұрмыстық бағыттардағы жобалар да жетерлік. Десе де, жастар жылында бастау алған бастамалардың орны ерекше екенін айта өткен жөн.
Осы бастамалар қатарында жастарға «Жұмыспен қамту», ­«Дипломмен ауылға», «Білікті маман» секілді бағдарламалар қатары жетерлік. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнын тәмамдап, жұмыс іздеп келген маманға ­«Дипломмен ауылға» бағдарламасы үлкен күш болып отыр. Себебі «үйі жоқтың – күйі жоқ» екені де белгілі. Жаңа келген жас маманның үйлі болуы жастардың түпкілікті мәселесінің бір шешімі шешіледі деген сөз. Одан бөлек, бизнес ашамын деген жастарға да жағдайлар жасалған. Мәселен, «Қайтарымсыз грант», «Ауыл аманаты» жобасы да кәсіп түрін бастауға үлкен көмек. Міне, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың қатары мұнымен тоқтап қалмайды. Жұмыс істеймін деген жас мамандарға бағыт-бағдар беретін ­«Жастар ресурстық орталығы», «Жұмыспен қамту» орталықтары үздіксіз жастарға қолдау көрсетіп келеді. Ауданда Ержан Біржанұлы басшылық жасап отырған жастар ресурстық орталығының да жұмысы ауқымды. Өнерге, білімге, спортқа жақын жастардың басын қосып, түрлі шаралар мен кездесулер ұйымдастырып, жастардың сара жолын қалыптастырып келеді. Жанарында от ойнаған, бойында күш қайраты тасыған жастарымыз бүгінде аудан даңқын әлемге танытып жүр.
Біз жастарға көрсетіліп жатқан көмектің бір парасын жазып өттік. Ал одан бөлек ауданда жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр. Жастардың жұмыс жайы қалай деген сауалға ­жауап іздеп, аудандық жұмыспен қамту бөліміне хабарластық та. Аудандық жұмыспен қамту бөлімі мамандарының сөзінше, биыл жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 2003 жас азамат тіркеліп, мемлекетік қолдау шараларымен 771 азамат тұрақты жұмыспен және 1232 жас азамат жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Сонымен қатар «Amanat» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын жүзеге асыру мақсатында «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасының базасында еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 63 жұмыссыз жас азамат түрлі мамандықтар бойынша онлайн түрде оқытылып, сертификаттар алған. Одан бөлек, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқыту курстарынан 424 жас азамат өтіп, өзгеде нысаналы топтар қатарына жататын жаңа бизнес-идеяларды дамыту бағытында 34 жас азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Бүгінде әлеуметтік жұмыс орындарына 17 жас азамат, жастар тәжірибесіне 321 азамат, 381 жас азамат ақылы қоғамдық жұмыс орындарында, 1 жас азамат «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына, 25 азамат «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жолданып, уақытша негізде жұмыс істеуде. Жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларына тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырыла бермек.
Халқымыз ел келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Қазақ ­зиялысы Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деп жастардың айбаты мен қайратына үлкен баға берген. Олай болса бізде, еңбегі мақтан, ерлігі дастан – жастарға сенеміз!

Дархан Байтілес
06 қараша 2023 ж. 229 0