ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ
Көпшілікті толғандыратын мәселе бар. Аудандағы жастардың жайы қалай? Олар қандай жұмыспен айналысуда? Сауалға жауап іздеп Жастар ресурстық орталығына ат басын тіредік. Нәтиже де көңіл қуантады.
2017 жылдан бастан «Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, бүгінде орталықты Ержан Әбдешев басшылық етеді.
2017 жылдан бастан «Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, бүгінде орталықты Ержан Әбдешев басшылық етеді.
Аудан бойынша 14-35 жас аралығында 25 442 жасты құраса, оның ішінде кент жастары –11 836, ауыл жастары –13 606. Жастар аудан халқының 30,2 пайызын құрап отыр.
–Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша әртүрлі бағытта 104 шара ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта әртүрлі бағыттар бойынша жастарға жан-жақты кеңес беру, сонымен қоса волонтерлік жұмыстарды қалыптастырамыз. Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу бойынша да әртүрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ендігі мақсатымыз – аудан жастарын еңбекке баулып, патриотыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ жас отбасыларға өнегелі отбасыларды дәріптеп, сыйластықты қалыптастыруға бағытталған шаралар жүргізіліп отырады, – дейді орталық директоры.
Елдің ертеңіне айналып, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған жастар Шиелі ауданында да назардан тыс қалған емес. Әсіресе, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны – 7071 құрап отыр. Оның ішінде жас кәсіпкерлер 14 пен 35 жас аралығында – 1800.
Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші. Олар өзіндік ерік-жігеріменғтың идеясымен болашақтың тұтқасы болып келеді. Осы тұста ерікті түрде көмек көрсететін жастарды айтқымыз келіп отыр. Өкінішке қарай, аудан бойынша волонтерлық ресми топ тіркелмеген. Бірақ та, ресми емес, ерікті жастар жалғыз басты қарттарға, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп жүр. Олардың бірі – Назерке Сырлыбай. «Таза ауа», «таза like» акцияларының жетекшісі. Ол әлеуметтік жағдайы төмен, өмірлік қиындықтарға тап болған тұрғындарға материалдық және қаржылай 310 отбасыға көмек қолын созды. Әлеуметтік желіде белсенді, 176 мың оқырманы бар. Бес жылдан бері волонтерлік салада үздіксіз қызмет етіп келеді. Сонымен қатар Азамат Қалиды да ерекше ата өтуімізге болады. 2018 жылдан бері аудандық белсенді жастар қатарында еріктілер тобында. 2020 жылдың қыркүйек айында аудандық «Үздік волонтерлар» сайысына қатысып, «Үздік волонтер – 2022» номинациясының жеңімпазы. Тағы бір ерекшелік, «Biz Birgemiz» ұйымы. Қарияларға, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық және арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен айналысады. Жетекшісі – Жасұлан Рысбек. Құрамында 30 ерікті жас бар.
Жастар арасындағы тәртіп те тұрақты түрде бақылануда. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі, ҮЕҰ-нің мүшелері, жергілікті полиция қызметкерлері бірлескен топ құрылып, аудан орталығындағы жастар көп шоғырланатын орындарда, түнгі клубтар мен ойын-сауық орталықтарында 40 түнгі рейд жұмыстары жүргізілді.
Орталық мамандардың айтуынша, аудан бойынша «Отбасының цифрлық картасында» анықталған NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, кәсібін ашуға грант немесе кредит беру жұмыстарын жүргізу үшін NEET санатындағы 1029 жастардың тізімі келді. Кейіннен тізімдегі 35 жастан асқан азаматтарды алынып, Шиелі ауданы бойынша NEET санатындағы жастардың сандық көрсеткіші 968-ге қысқарды.
Бағдарламалар аясында да үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мәселен, ақылы қоғамдық жұмысқа келетін болсақ, 150 жас жұмысқа тартылып еңбек етуде. Ал «Жастар тәжірибесі» арқылы 390 жасқа 12 ай мерзімге мамандықтарына сәйкес мекемелерге жолдама тарту жұмыстары жүргізілуде. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ауданға 5 175 000 теңгеден 80 маманға 414 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған 80 маманның 54 маманына әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылып, қалған 26 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие ұсыну жұмыстары жасалуда.
Жастар ресурстық орталығының атқарылған жұмыстары орталықтың әлеуметтік парақшаларында тұрақты жарияланып отырады. Фейсбук әлеуметтік желісінде 476, инстаграмда – 339, тик ток әлеуметтік желісіндегі жазбалар – 35, БАҚ-та – 13. Барлығы – 863 материал бар.
Ендеше, аудандағы орталықтың жүйелі жұмысын кеңірек талдадық деген ойдамыз. Еліміздің болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Сондықтан да, осындай орталықтың жұмысы дами берсін деген жылы лебізіміз бар.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ