Өнері өрге жүзген «Ақ тілекті әжелер»
Ұлттық өнер – ұлттың рухын ұлықтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Әсіресе, әжелердің әуезді әні мен тағылымды үні халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда айрықша орын алады. Осы орайда Бидайкөл ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ тілекті әжелер» ансамблінің өнердегі тағы бір биікті бағындыруы – ауыл мәдениеті үшін ғана емес, аудан жұртшылығы үшін де қуанышты жаңалық.30-31 шілде күндері Астана қаласында «Таланттар әлемі – Planet of Talents» қоғамдық бірлестігі мен Ұлттық құндылықтарды қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Астана – елімнің жүрегі» атты республикалық өнер фестивалі өтті. Еліміздің әр өңірінен өнерпаздар бас қосқан айтулы додада Бидайкөлдің өнерпаз әжелері де бақ сынап, ұлттық өнердің мәйегін көпшілікке паш етті.
Сахнаға шыққан сәттен-ақ ақ жаулықты әжелердің жүрекке жылы тиер үні мен сахна мәдениеті көрермен көңілін баурады. Ән арқылы елге деген сүйіспеншілігін, туған жерге деген құрметін жеткізген ансамбль мүшелері өнердің тек көңіл көтеру құралы емес, ұлттың рухани жадын сақтайтын құндылық екенін тағы бір дәлелдеді.
Республикалық фестивальде өнер көрсеткен «Ақ тілекті әжелер» ансамблі бас жүлдеге ие болды. Бұл – сахнадағы бірнеше минуттық өнердің ғана емес, артында тұрған тынымсыз дайындықтың, ізденістің, ұйымшылдықтың және ұлттық өнерге деген шынайы ықыластың жемісі.
Ансамбльдің жетістігімен қатар, жеке орындауда өнер көрсеткен Гүлнұр Әбибуллақызы да фестивальдің биігінен көрініп, Бас жүлдемен марапатталды. Бір сахнада қос бірдей Бас жүлденің бұйыруы – Бидайкөл мәдениет ошағында өнерге деген талап пен талғамның жоғары екенін аңғартатын жарқын жеңіс.
Ең қуаныштысы – бұл жетістік осымен бітпейді. Республикалық байқауда топ жарған өнерпаздар 15-16 қазан күндері Ташкент қаласында өтетін халықаралық өнер фестиваліне жолдама алды. Демек, Бидайкөлдің ақ жаулықты әжелері енді ел көлемінен асып, қазақ өнерінің үнін халықаралық сахнада жаңғыртпақ.
Ақ жаулықты әжелердің әрбір әні, әрбір орындауы арқылы халқымыздың әдет-ғұрпы, кең пейілі, ақ батасы мен рухани болмысы көрініс табары сөзсіз.
Бүгінде ауыл мәдениеті – елдің рухани өмірінің маңызды тірегі. Ал сол мәдениеттің көшін бастап, кейінгі буынға үлгі көрсетіп жүрген аға буын өкілдерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. «Ақ тілекті әжелер» ансамблінің атауының өзі-ақ олардың өнерімен қатар, ұрпаққа ақ тілек, өнеге мен ізгілік жолын көрсетіп жүргенін аңғартады.
Астанадағы бас жүлде – Бидайкөл өнерпаздарының кезекті жеңісі болса, Ташкенттегі халықаралық фестиваль – алда тұрған үлкен белес. Елдің ақ батасын арқалаған ақ жаулықты әжелердің өнері шетел сахнасында да өз биігінен көрінеріне сенім мол.
Бидайкөлден басталған әуезді ән енді Ташкент төрінде шырқалмақ. Ұлттық өнерді ұлықтаған өнерпаздарға сәттілік тілейміз! Өнерлеріңіз өрге жүзіп, ақ тілектеріңіз ақиқатқа айнала берсін!
А.МАХСҰТҚЫЗЫ








