Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОП ЖАРҒАН ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІ

ТОП ЖАРҒАН ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІ

Ғасырлар бойы әуезді үнде әуелей шырқалып келе жатқан халқымыздың әсем әуендері бүгінде өнер әлемінің баға жетпес қазынасына айналған. Осы бір дәстүрді жалғап, тарихы тереңде жатқан қазақ әндерін көпшілік алдында паш етіп жүрген өнерпаздардың қатарында Бәйгеқұм ауылының әжелерінен құралған ансамбль де бар.
Бойдағы тамаша талантынан бөлек ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзін келешек өскіннің бойына дарытуды мақсат еткен ақ жаулықтылар ансамблінің құрылғанына биыл 15 жыл толды. Осы тақырып аясында сейсенбі күні Бәйгеқұм ауылдық клубында «Ақ әжем, алтын қазынам» әжелер ансамблінің мерейтойына арналған «Той бастап, топ жарған әжелер» атты аудандық есеп беру концерті өтті.
Дәстүрге сай көрініс пен әжелердің әдемі әнімен басталған мерейтойды ауыл әкімі Дәулет Абжапбаров арнайы құттықтау сөзімен ашып берді. Бұдан кейін концерттік бағдарламаға кезек беріліп, көрермендер «Ақ әжем, алтын қазынам» әжелер ансамблінің орындауындағы әндерге қанық болды. Шара барысында халық әндері, қазақтың белгілі композиторларының туындылары орындалып, қазақ дәстүрлерінен кішігірім қойылымдар қойылды. Концерт соңында кеш қонақтары қорытынды сөз сөйлеп, әжелерге табыс тілеп, ақ тілектерін ­жаудырды.
Көмейіне бұлбұл ұялаған таланттарды жинаған «Ақ әжем, алтын қазынам» ансамблінің құрамы өнерлі сегіз әжеден тұрады. Ондағы Нағима, Нұржамал, Қарашаш, Оразкүл, Гүлжахаш, Гүлдария, Айгүл, Базаркүл секілді жандардың барлығы – бір-бір биік тұлға, он саусақтарынан өнер тамған шебер де ісмер кісілер. Әр өнер байқауына қатысардағы өздерінің қолынан шыққан киім үлгілері соның бір айғағы болса керек.
Бүгінде әулетінің киесі, берекелі шаңырақтың иесіне айналған ақ жаулықты жандардың өнері көптің қолдауын тауып, өнегесі халқымыздың мәдениеті мен әдет-ғұрпының биік үлгісінен көрініс беріп жүр.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ

06 наурыз 2023 ж. 613 0