Әжелер әні – қазақ әуенінің сәні
Өлшеулі өмірде өшпестей із қалдырудың өзі бір ғанибет. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін ақ жаулықтылар әуезді әндерді нақышына келтіріп орындаса, бір жағынан бүгінге дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанда қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы болса, екінші жағынан саз өнерінің иірімін ұштастырып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуі емес пе? Оған еліміздің түкпір-түкпірінде құрылып жатқан әжелер ансамблі дәлел. Олардың барлығы ата-баба аманаттаған салт-дәстүрлердің жойылып кетпеуіне барын салып келеді. Біздің киелі өңір де әнші әжелерден кенде емес. Ендеше бүгін біз Ә.Тәжібаев ауылының әнші әжелерінен құралған, ұлттық тәрбиені ұрпағына жеткізуді өмірлік ұстанымына айналдырған «Береке» әжелер ансамблі туралы әңгіме өрбітпекпіз.
«Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей әнші әжелер әр әнді тыңдарманға талмай жеткізіп, керемет әсерге бөлеуге тырысады. Қазақы нақышқа келтіріп тігілген, арнайы оюмен көмкерілген ұлттық киімдері де бар. Барлығында бір мақсат, бір мүдде – туған жерінің абыройын асқақтатып, беделін биіктету. Ансамбль құрамындағы Күлай Қошқарова әженің айтуынша, «Береке» әжелер ансамблінің құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болыпты.
«Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей әнші әжелер әр әнді тыңдарманға талмай жеткізіп, керемет әсерге бөлеуге тырысады. Қазақы нақышқа келтіріп тігілген, арнайы оюмен көмкерілген ұлттық киімдері де бар. Барлығында бір мақсат, бір мүдде – туған жерінің абыройын асқақтатып, беделін биіктету. Ансамбль құрамындағы Күлай Қошқарова әженің айтуынша, «Береке» әжелер ансамблінің құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болыпты.
– Жастайымнан ән айтатынмын. Дегенмен өмірдің ағысымен түрлі жұмыстар атқардым. Бес жыл егін егумен айналыссам, алты жыл мал шаруашылығында болдым. Тура алты жыл бұрын осы әжелер тобына қосылдым. Ауылдың ақ жаулықтылары мені қуана қабылдады. Сахнаға шығып ән айтсам деген бала арманым осылайша жүзеге асты. Содан бері талай аудандық дүбірлі додаларда топ жарып, I, II, III орындарды иемденіп жүрміз. Ән арқылы басқалардың көңіліне ажар кіргізсек, жүректеріне жылылық ұялатсақ, күдікті сейілтсек, нұр үстіне нұр ғой. Мен әжелер ансамблінің құрамында ән шырқап жүргеніме өте қуаныштымын, – дейді ол.
Ансамблдің қатарында елуді еңсергендер де, алпысты алқымдағандар да, жетпістің желкенін тартқандары да бар. Олардың барлығы көпбалалы, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған аяулы аналар, ардақты әжелер. Топ құрамы қазіргі таңда жаңарып, жас әжелермен толықтырылған. Қазіргі таңда топта 13 әже өнер көрсетеді екен. Келдігүл Сырымбетованың жетекшілігімен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жүрген әжелердің орындауындағы «Катюша», «Атамекен», «Бүлдірген» сияқты әндерді естісеңіз, қандай керемет дауыс деп таңырқай қарайсыз. Тіпті сахна мәдениетіне біркісідей төселген.
Иә, бәріңізге белгілі қазақ – отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған, әр күні ойын-сауық, той-томалақсыз өтпейтін халық. Соның әсері болар, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін өнерге жақын. Әңгімеге арқау болған «Береке» әжелер ансамблі де халықтың ыстық ықыласына бөленіп, оң бағасын алып үлгерген. Әнші әжелердің алға қойған жоспарлары да өте көп. Десек те төрткіл дүниені теңселтіп, күрмеуі қиын мәселеге айналған дерттің беті бері қараса болғаны. Ұлттық рухты оятып, салт-дәстүрді жаңғыртып жүрген асыл әжелердің еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық.
Фариза КЕНЖЕШОВА