Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер өнегесі көпке үлгі

Әжелер өнегесі көпке үлгі

Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту – бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Әсіресе, үлкендердің үлгілі істері мен ешнәрсеге тең келмес ұлттық қолөнер бұйымдарын келер ұрпаққа насихаттау бізге міндет.
Осы орайда, Н.Бекежанов ауылындағы «Бал-Шырын» балабақшасы да бүлдіршіндердің бойына ана мен әже өсиетін, ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсуіне жүйелі жұмыс жасап келеді. Солардың бірі ретінде жуырда «Ал, кәнекей, әжелер!» атты сайыс ұйымдастырылды. Қазақта ежелден ата-әженің тәрбиесі ерекше бағаланады. Әдетте, кеңпейіл, көпшіл адамға «ол әженің тәрбиесін көрген ғой» деп тамсанып та жатамыз. Балабақшадағы бұл жолғы шара да ақжаулықтылардың өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге бағытталды.
Бас-аяғы жеті бөлім бойынша сынға түскен балабақша әжелері дәстүрге байланысты көрініс қойып, әннен шашу шашты. Әдемі ұлттық ас мәзірі мен әсем ою-өрнек те осы жерден табылды. Ең бастысы, балабақша әжелері сахна төрінде ұршық иіріп, келі түйді. Осылайша, небәрі бірнеше сағаттың ішінде балалардың есінде ұмытылмастай өнегеге толы әсерлі кеш өтті. Сайыс соңында, үздік қатысушы әжелер «Білгір әже», «Алтын оймақты шебер әже», «Бұлбұл әнші әже», «Балқаймақ әже» номинациялары бойынша марапатталды.

Ақерке Әліайдар,
«Бал-Шырын» балабақшасының тәрбиешісі.

09 сәуір 2019 ж. 3 314 0