Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ САЙЫС

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ САЙЫС

Тартоғай ауылындағы №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінде бастауыш сыныптар арасында «Жылылық – күннің көзінде, тәрбие – әже сөзінде» атты сайыс өтті. Мектеп ұстаздары М.Үсенбекова мен А.Қолдыбекованың ұйымдастыруымен өткен шара оқушыларға ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды насихаттап, балалардың бойына отбасылық қарым-қатынастағы ізгілік, кішіпейілділік, парасаттылық қасиеттерін сіңіруге бағытталды.
Бас-аяғы бес бөлімнен тұрған сайыста ақ жаулықты әжелер немерелерімен бар өнерін ортаға салды. Ән айтылып, өлең оқылды, би биленіп, салт-дәстүрден әсерлі көрініс те қойылды. Ең қызығы, әжелер соңғы бөлімде көпшілікке таңсық ұлттық тағам дайындап әкеліп, оның пайдасын түсіндірумен қатар, көрермендерге әдемі сөзбен жарнамалау қажет болды.
Бірлесе жұмыс істеу, ортақ тіл табысу, отбасылық сыйластық пен әже тәліміне үйрету сынды үлкен тағылым беретін шарада әжелер мен немерелер тыңғылықты дайындықпен көптің көңілінен шыға алды. Оны байқауды сараптаған қазылар алқасы мен жанкүйерлердің жылы лебізінен айқын аңғаруға болады.
Сайыстың қорытындысы бойынша барлық сыннан сүрінбей өтіп, үлкен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен әжелер жүлделі орынмен марапатталды.
Жалпы бұл мектепте тәрбиелік мәні зор мәдени шаралар жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Әсіресе, бала тәрбиесіне тек әйел адамдарды ғана емес, ер азаматтарды да жауапкершілікпен қарауға шақыру – мектеп ұжымының басты мақсаты. Осы орайда Наурыз мерекесі қарсаңында оқушылар аталарымен бірге көшет отырғызу жұмыстарын ұқыптылықпен орындаған болатын. Одан бөлек бата беру сайысы да өз деңгейінде өтті. Алдағы уақытта «Әкелер мен балалар» атты дойбы-шахмет сайысы ұйымдастырылады. Қандай іске болмасын белсене кірісіп, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, баласының аз ғана қуанышын үлкен жетістікке балап, болашағына байыппен қарайтын ата-ана өзгелерге қашанда үлгі болмақ.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
30 наурыз 2019 ж. 1 325 0