Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақшадағы әжелер сайысы

Балабақшадағы әжелер сайысы


Шуағын шашқан көктеммен қатар келетін Ұлыстың ұлы күнін асыға күтпейтін жан жоқ болар. Әсіресе, кішкентай балалар Наурыз мерекесін ерекше дайындықпен қарсы алады.

Жылдағы дәстүр бойынша аудандағы бірқатар балабақша тәрбиешілері мереке құрметіне арнап ұлттық дәстүрден сыр шертетін танымдық кештер ұйымдастырды. Соның бірі Ұлыстың ұлы күніне орай кенттегі «Бегайна» балабақшасында «Әжелер сөзі – тәрбиенің көзі» тақырыбында өткен әжелер сайысы.
Балабақша бүлдіршіндерін ұлттық салт-дәстүрге баулу мақсатында ұйымдастырылған шара алты бөлімнен тұрды. Алдымен, өздерін таныстырған әжелер ұршық иіруден бастап, өз өнерлерін көрсетіп, қазақы дастархан жаюдан сынға түсті. Кеш барысында тұсау кесер, шілдехана, бесікке салу, тұлым кесу жөн-жоралғылары жасалып, сайысқа қатысушы әжелер ақ батасын берді. Бұл – ұлық мерекенің бас­ты құндылықтарының бірі. Түркі жұрты жаңа жылды осылайша, арқа-жарқа күйде қарсы алады. Әжелер де осы үрдістен жаңылмады. Сайыс соңында үздік әжелер анықталып, қатысушыларды балабақша меңгерушісі Э.Палымбетова марапаттады. Ұлық мерекені балабақшадан атап өтудегі басты мақсат – салт-дәстүр, Наурыз мейрамының құндылықтарын дәріптеу болатын. Ұлттық тәрбие қашанда бала тәрбиесіндегі басты қағида болып қала бермек.

М.Нұрекеева
27 наурыз 2019 ж. 4 157 0