Ұлттық тәрбие – ұмыт қалмасын
–Кімнің баласысың?
–Атамның.
–Сосын?
– Сосын... әжемнің баласымын. Міне, қазақы болмыс пен салт-дәстүрімізді үлкендер бізге осындай кішігірім диалогтар арқылы бойымызға сіңіріп отыратын. Тәрбиенің нағыз тұнығы мен қайнар бұлағы болып табылатын осынау тәрбие көзі бүгінде қаншалықты маңызға ие? Жалпы, бала тәрбиесінде «немеремді өлгенше бағам» дейтін қадірлі жандардың қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз?
Қазақ қарияларын байлыққа, қазынаға теңеген. Бүкіл бір әулеттің ұйытқысы деп таныған. Сондықтан да болар, алғашқы немерені ата мен әженің бауырына басқан. Атасы мен әжесінің кенжесі саналып, барын ауыздарына тосқан. Қазақтың өзіне ғана тән бұл дәстүр ертеден қалыптасқан алтын діңгек десек те болғандай. Бұл – баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас жігіт пен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен. Өйткені, ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әжесі тәрбиелеген баланың тілі ерте шығады. Себебі, үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүреді. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен, атасы мен әжесінің замандастарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын ажыратып, кімнің кім екенін біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да, «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады. Бұл да жеті атасын біліп, шыққан тегін тануына зор ықпал жасайды десек артық болмас.
Ата мен әженің тәрбиесіндегі балалардың жүрегі кең, көздері мейірімге толы болады. Бала үлкендер үшін көз қуанышы ғана емес, бар білгенін үйретер ет жақыны. Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Көбіне «олай істеме, былай істе», «бүйтсең жаман, өйтсең жақсы» деген сөздерді естіп, әженің мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Осылайша, жас бала қазақы ортадағы бар құндылықты бойына сіңіріп, салт-дәстүр мен түрлі тыйымдарды білетін болады. Бізге дейінгі даналар мен батырлар, ақындар мен ғалымдар осы аталған тәрбиемен сусындап өскені белгілі. Сөзіміз жалаң болмас үшін, атап айтар болсақ, әріде Шоқанды тәрбиелеген Айғаным, Абайдың танымын арттырған Зере болса, беріде елбасы Нұрсұлтанның да тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына еңбек еткен әжесі Мырзабала болды.
Ал, әжесімен әңгімелесіп отырған баланы сыртынан бақылап көрдіңіз бе? Әңгімелері қандай жарасымды! Отбасындағы бала тәрбиесінде үлкендердің ықпалы өзгеше болатынын қайсымыз болсақ та жақсы білеміз. Сондықтан да, үлкендердің осы тәрбие мәселесіндегі үлгі-өнегелеріне көбірек ден қойсақ қайтеді? Әже мен атадан тәлім алған немеренің рухани жағынан тәрбиелі, көргенді азамат болып ержетуінің өзі дәстүр сабақтастығы мен ұлттық құндылықтың өзегі іспетті.
Ж.Қауғанбаева.