Әжелердің бала тәрбиесіндегі рөлі
Адам өмірінің мәні, көз қуанышы - бала. Баланың бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада қалыптасады. Әрбір ата-ана қоғамға ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі ояу, мәдениетті, еңбекқор сынды бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан ұлтжанды ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Бүгінде қазақ сол ғасырлар бойғы ұлы құндылықтан ажырап, бүгінде сәбиін "әлдилеп" тербететін, ән айтып еміренетін әжелер азайды, Бесік жырын білмейтін аналар көбейді. Атам қазақтың ұрпақ тәрбиесін жоғары қойғандығы соншалық, туған-туыс, бір рулы ел болып, қала берді бүкіл ауыл болып атсалысқан. Әсіресе, үйдегі көпті көрген қарт ата мен әженің тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Бүгін сол әжелеріміз бала тәрбиесіне қаншалықты деңгейде мән беруде?
"Бесік жырын" тыңдап өспеген қазақ баласы кемде-кем-ау, сірә. Заман ауысты ма, әлде адамның сана сезімі өзгерді ме, қалай десек те, бар нәрсені ертегі айтып жақсылыққа жоритын әжелеріміз сиреп бара жатыр. "Балам балдан тәтті, немере одан да тәтті" деп халық даналығы айтқандай, ата мен әже үшін немеренің орны бөлек. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, "атасы мен әжесінің баласы" деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт тек қазақ қана десек қателеспегеніміз болар. Атасы мен әжесі бауырына басып, "меншіктеп" алған баланы "менің балам" деп тіпті өзінің ата-анасы да айтпаған, тіпті бетінен де сүйгізбеген. Бұл әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың бір белгісі іспеттес. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бірелі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі.
Бір сөзбен айтқанда, әже немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына, зор тұлғаға айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан кім болды? Осындай мысалдардан-ақ ата мен әженің тәлімді тәрбиесін алған сіздің балаңыздың да күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы жақсы азамат болмасына кім кепіл? Бүгінде "бала бағып шаршағанбыз, немерені бақпаймыз" деген әжелер көбейді. Өз немересін, өзінің артынан ерген ұрпағын тәрбиелеуден қашқаны ма? Жас келіндердің көбі қомақты қаржыға жалдамалы тәрбиеші іздейтіні жасырын емес. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Дегенмен, бүгінгі әжелердің көпшілігі немерені қызметпен, басындағы орамалынан, ақ жаулықты кимешегінен "айырылып", бір сөзбен айтсақ бүгінгі заманға бейімделген "современный" әжелердің қатары қалың. Әженің аялы алақанын сезіп өскен жанның бірі өзім. Әже мектебінің білімі, тәлімі мен тәрбиесі өте жоғары әрі терең. Ауылдағы қариялар "Пәленшенің баласы ғой" деп мейірлене маңдайынан иіскеп, "әжесін бағатын осы бала ғой" деп айналып-толғанғанының өзі мен үшін бір мәртебе болатын. Осыдан-ақ, ата-ана алдында борыштар еке- ніңді кішкентайыңнан сезініп өсесің. Көшеде немересін жетелеп бара жатқан әжені көріп қуанасың, алайда немересімен шүлдірлеп орысша сөйлесіп бара жатқан әңгімесін тыңдаған соң көңілің түседі. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты жас аналардың балаларын балабақшаға беріп, әже мен немере арасындағы қарым-қатынастың алшақтауынан болып отыр.
- Бала күнімнен әжемнің бауырында өстім. Күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде жетпіске келсем де сол баяғы ертегілер есімде. Бірақ қазіргі түсінік басқа ғой. Оның үстіне қазіргі балалар ертегіні көп тыңдамайды. Таңның атысынан күннің батысы ата-аналары жұмыста. Балалары күнделікті компьютер ойнайды, теледидардан әртүрлі мультфильмдер қарайды. Ертегі айту үшін оларға тәтті беріп, алдаймын. Қазір ғаламтор дегеніңіз бәрін жіпсіз байлап қойды ғой. Осыған өзіміз де кінәліміз деп ойлаймын. Дер кезінде жат әдеттен шектемедік. "Солар тыныш болсыншы" деп ұялы телефон да, планшет те сатып алып бердік. Алайда, осының барлығы баланың болашағына балта шабу екенін сондай-ақ, бала психологиясына кері әсер ететіндігін бірі білсе, бірі білмес,- дейді Күлғайша есімді әжеміз.
Тәрбие кешіктірілсе кешірмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қалпына қайтіп келмейтін игілікті де ізгілікті іс. Бүгінде армандарға жетелеп, алыстарға қол создыратын әже әңгімелерінің орнын теледидар мен ғаламтор алмастырды. Теледидар мен ғаламтордағы түрлі жантүршігерлік шетелдік мультфильмдер көріп өскен баланың психологиясы өзгеріске ұшырайтыны бесенеден белгілі. Осыдан келіп қатыгез, мейірім мен адами құндылықтардан ада ұрпақ өсіп-өнеді. Ал ата- ананы қадірлемеу, сыйламаудың арты неге апарып соғатынын өзіңіз-ақ болжай беріңіз…
Ақмарал Омаш