Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер салған ән қандай?

Әжелер салған ән қандай?

Әже дегенде көз алдыңызға ақ жаулығын тағынып, бүкіл әлемге мейіріммен қарайтын жан елестейді. Олар бір әулеттің тірегі ғана емес, күллі ұлттың ұйытқысындай көрінетіні тағы бар. Расымен, әженің аялы алақаны, айтқан ақылы, жүріп өткен жолы барлығы келешек ұрпақ үшін үлгі. Әсіресе қараңғылық пердесін түсіріп, ұйқыға кетер сәтте әженің немересіне деген ыстық ықыласы ерекше байқалады. Тәлім-тәрбиесі мол ертегісін айтпағанда, 62 тамырыңды идіріп жіберетін әнінің өзі бір бөлек. «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деп өзі де бесікпен тербеліп айтатын әуен бейнебір ұланғайыр атырапты әлдилеп жатқандай. Ал таза балдай тілімен, тұнық үнімен: «Өс, бөпем, өсе бер, Алғыс айтсын шешеңе ел. Палуан боп өс білекті, Батыр бол таудай жүректі! Аяғыңды созайын, Саусағыңды жазайын, Етті болсын балтырың, Епті боп өс, жарқыным, Айналайын құлыным!» деген тілегі жер әлемді шарлап кеткендей күй кештіріп, сарайыңды ашады. Тіпті қазақтың кемеңгерлері де әженің бауырынан қанат қаққан. Бұл жерде ең бірінші тілге тиек ететініміз жеңгелері «Телқара» деп, атын тура атамай тергеген Абайдың әжесі – Зере. Данагөй әженің: «Құлыншағым, қоңыр қозым... Абайжаным» деп еміренуі өзгенің де жүрегіне жылулық ұялатады.

Тал бесікте немересі мен шөбересін әспеттеп, солар үшін мәсісіне тығып мәмпәси әкелетін әжелер бүгінде бірен-сараң. Тамыры терең ауылда болмаса, қалада келіншек болып табалдырық аттап, ана атанғандардың арасында ондайды кездестіру екіталай. Алайда, қазақы нақышта киініп, баланы қарғадайынан әнмен тәрбиелеп жатқандар мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Бұл сөзімізге еліміздің түкпір-түкпірінен құрылып жатқан әжелер ансамблі дәлел. Олар ұмыт қалған халық әндерін насихаттайды, салт-дәстүрдің жоғалып кетпеуін ойлайды.
Әжелер ансамблі әр бұтасына өнер қонған Шиелі жерінде де бар. Солардың бірі – Бестам елді мекеніндегі «Асыл әжелер» тобы. Ансамблдің жетекшісі Сәрсенкүл Айдарованың айтуынша топты құрудағы негізгі мақсат – ауылдың абыройын асқақтатып, беделін биіктету. Өз жұмысын әуелі 4 әжемен 2015 жылы бастаған ансамблдің құрамында қазір 8 әже бар. Жыл жылжыған сайын шырқайтын әндерінің де қатары көбейіп келеді. Тіпті таланттарын театр өнерімен ұштастырып жатыр. Сахна төріне тұрғындарға рухани азық болатын әр түрлі қойылымды алып шығады. Негізгі тақырыбы – келін мен ененің қарым-қатынасы және қыз тәрбиесі, ұлт болашағы. Ілкімді істердің арқасында қазір «Асыл әжелерді» бестамдықтар ғана емес, шиеліліктер де біледі. Ансамблдің қатарында елуді еңсергендер де, жетпістің желкенін тартқандары да бар. Олар зейнет жасына дейін елеулі еңбек етіп, қызмет жолында жетістікке жете білген. Енді міне, алып бәйтеректей жапырағы жайқалған уақытта теледидарға телмірмей, интернет торына түспей ұлттық құндылықты насихаттауды қолға алды.
– Тәрбие тал бесіктен басталады. Біз сол тәрбие тұғырынан таймай, дәуірден-дәуірге үзілмей жетсе дейміз. Қазір әр түрлі қойылымды да сахналаудамыз. Бір рет «Отырған қыз орнын табады» деген спектакль қойдық. Одан кейін келіндер туралы да айттық. Қазіргі таңдағы келіндер мен қыздардың тәрбиесін басты назарға алып отырмыз. Ән арқылы көңілдің ажарын кіргізсек, қойылыммен тәрбие ошағы болғымыз келеді. «Асыл әжелер» ансамблінің асып келе жатқан асулары да аз емес. Әр ауылға барып тұрамыз. Сол кезде көпшілігі қазақы киімімізге, әуелете салған әнімізге сүйсінеді. Осы жерде айта кетейін, киімдерімізді тобымыздағы Қалжан Әйменова тігеді, – дейді ансамбльді құрушы Сәрсенкүл Айдарова.
Сәрсенкүл апа айтса, айтқандай-ақ әжелердің құйқылжыта ән салғанынан бөлек, сыртқы келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ. Оюмен өрнектеліп тігілген ұлттық нақышымыздан хабар беретін киімді кигенде «Қазақтың әжерелері-ай!» деп еріксіз таңдай қағасың.
Міне, «Асыл әжелер» ансамблі осылайша бесіктен тамыр тартқан тәрбиені келе-келе ұлтпен байланыстыруда. Азаттық, отаншылдық, борыш, аманат секілді ұғымдарды ұлтқа ұлттық өнер арқылы ұғындыруда. Алдағы уақытта әжелер салған ән әуелей берсін дегіміз келеді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
23 шілде 2019 ж. 1 748 0