Бесік жыры
«Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем...» деп сәбиін ән сала тербеткен қазақ халқы бала тәрбиесін тал бесіктен бастаған. Қандай да бір өнерге жақындықтың бастауы бөбектің бесіктен ән мен жырға қанық болып, мағыналы сөздермен сусындауының әсерінен болса керек. Әр түрлі нұсқасы бар қазақ халқындағы бесік жыры мәні терең шумақ пен астарында ізгі тілегі бар тәтті сөзден тұрады. Бұл да болса, ана жүрегіндегі балаға деген теңіздей махаббаттың бір тамшысы.
Бесік жыры туралы айтқан ғалымдардың келтірген дәлеліне сүйенсек, жыр баланың ми клеткаларына жағымды әсер етіп, құлағына сіңген ырғақты ән арқылы табиғатқа жақындығы қалыптасады. Владимир Бехтерев есімді психоневрология институтының негізін қалаған академик невроз дертін болдырмау және алдын алу үшін бесік жырының пайдасы мол екендігін айтқан. Психолог Станислав Гроф болса, бесік жыры психологиялық аурулардың алдын алып, оны болдырмауға себін тигізетінін алға тартады. ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында көрші Ресей елінің ғалымдары балалар арасында тәжірибе жүргізді. Тәжірибе барысында екі топқа бөлінген балалардың бір тобы бесік жырын, екінші тобы түрлі әуенді тыңдады. Нәтижесінде бесік жырын тыңдамаған балалардың ойлау қабілеті төмендеп, дамуы баяулана түскен көрінеді. Өсе келе психологиялық ауытқушылықтардың пайда болуы, сабаққа деген құлшыныстың жоқтығы мен аурушаңдық та осы балалар арасында көп кездескен. Туғаннан құлағына сіңген ән бала бойындағы махаббаттың қалыптасуына жол ашып, мейірімділік, адалдық, өз ойын жеткізудегі ашықтық пен батылдықты сіңіреді. Нәресте көптеген ақпаратты есту арқылы қабылдайды. Сондықтан 3 жасқа дейін бесік жыры бөбек құлағынан үзілмеуі керек деседі.
Ел аузында жүрген мынадай әңгіме бар. Келіншек баласын бесікке бөлеп, сырттағы шаруаларына кетеді. Әкесі де өз ісімен кетіп, бала үйде жалғыз қалады. Жолаушылап жүрген бір кісі бала жатқан үйдегі есіктің аузына келіп, үйде кім барын сұрағанда «кіре бер» деген жауап алады. Кірген кезде үйде бесіктегі баладан басқа ешкімнің жоғын көріп, таң болады. Өз естеліктерінде поляк революционері А.Янушкевич: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», — деп жазған. Әйгілі Затаевич бесік жыры айтылғанда бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болатынын сипаттаған. Осыдан-ақ бесік жыры баланың дамуы мен өсуіне айтарлықтай шарапаты тиетінін аңғаруға болады.
Пайдасын білеміз, біле тұра сол бабадан келе жатқан құндылықты пайдаланбаймыз. «Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер — кешегі Кеңес үкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде», – дейді Бауыржан келіні Зейнеп Ахметова.
Осы тұста аудан тұрғыны, 7 баланың анасы Мінәй Шегебаева әжеміздің пікірін сұраған едік:
– «Бесік жырынсыз ұйықтаса да, телефонсыз ұйықтамайтын ұрпақ қалыптасқан мына заманда жансыз құрал балаға ойыншық та, ән шырқап жұбатушы да болып тұр. Баласының бас жағына ұялы телефонды қойып, музыкамен ұйықтатып отырған қазіргінің аналарын көргенде бесіктегі сәбиге жаным ашиды. Телефонның зияны айтылып, дәлелденіп жатқан жоқ па? Қазіргі балалардың аурушаңдығын өз басым сол нәрседен көремін. Неге ұрпағына жаны ашымайды екен деп ойлаймын. Өз қыздарым мен келіндеріме ондайды жасатпаймын», – дейді көпбалалы ана.
Өнегелі сөздермен өрнектелген бесік жыры арқылы ұрпаққа тәрбие нұрын себуді қайта жалғастырсақ, халық педагогикасының рухани жаңғырғаны сол болмақ.
Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА