Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "БЕСІК ЖЫРЫ" ТҮРЛІ ДЕРТТІҢ ЕМІ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

"БЕСІК ЖЫРЫ" ТҮРЛІ ДЕРТТІҢ ЕМІ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?



1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «балалардағы невроз ауруының алдын алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан. Ал психолог Виталий Леутиннің айтуынша, бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады. Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф «Beyond the brain» атты кітабында бесік жырының баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден бір себеп бола алатынын ескерткен.

Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз емес. 2001 жылы Ресейдің Тюмень қаласының ғалымдары ұзақ мерзімді тәжірибе жүргізеді. Олар жастары шамалас бірнеше сәбиді іріктеп алып, екі топқа бөліп бақылайды. Алғашқы топтағы сәбилер анасынан тұрақты түрде бесік жырын ғана тыңдайды. Ал екінші топтағылар әртүрлі әуендер тыңдайды. Алты ай мерзімнен соң, бөбектердің ми қыртыстары тексеріледі. Нәтижесінде, әлди әнін тыңдамаған балалардың миындағы нейрон жасушалары баяу дамып, ойлау қабілеті бәсеңдегені байқалады.
Алғашында бұл фактіге күмән келтіргендер көп болды. Ғалымдар мәселенің анығына жету үшін, өз зерттеулерін жалғастыра берді. Уақыт өткен сайын әлди әнін тыңдамай өскен сәбилердің мінез-құлқында психологиялық ауытқулар күшейе береді. Олар тез ашуланып, тез шаршайды. Ойлау қабілеті төмендеп, жалқаулыққа бейім болды. Мектепте де сабақ оқуға ынта қоймады. Ауру-сырқауға да тез шалдығатыны байқалды. Осы зерттеудің нәтижесінде ғалымдар бесік жырының сәби денсаулығына тигізетін мынадай пайдалы жақтарын анықтады:
баланың жүйке жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді; сәби бойындағы мейірімділік, қайырымдылық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дамытады; дүниетанымдық ізденісін, ғылым-білімге деген ынтасын арттырады; бала мағыналы һәм мәнерлі сөйлеуді үйренеді; бесік жырын тыңдаған бала тұйықталмай, өз пікірін ашық білдіретін батыл жанға айналады.
Мамандар бесік жырын баланы емізгеннен кейін күніне 2-3 рет орындауға кеңес береді, ал оның ұзақтығы 10 минуттай болуы тиіс. Бесік жырын 3 жасқа дейін тоқтатпаған абзал. Сәби тәтті ұйқыға кеткеннен кейін де бес минут бойы үзбей айтса, пайдасы да көп.
Нәресте барлық ақпаратты есту арқылы қабылдайтынын ескерсек, оған бесік жыры арқылы тәрбиенің іргетасы қаланады. Бар мейірім, махаббатты жеткізудің бірден-бір жолы осы. Бесік жырының осындай баға жетпес құндылығын ертеден білген дана халқымыз оны айтпай айтпай сәбиін ұйықтатпаған. Қазір қым-қуыт тіршілікпен жүріп аналарымыз бесік жыры түгілі бесіктен қол үзіп қалып жатыр. Бұның да кері әсерін көріп жүрміз.
Сәбиіңізді бесік жырымен ұйықтатуды ұмытпаңыз!
http://reactor.inform.kz
29 сәуір 2019 ж. 1 089 0