Әжелер ән салды
Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан соңыңнан өшпестей із қалдырып, жақсы атақпен өмір сүрудің өзі бір ғанибет.
Бейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген ақ жаулықтылар арасында «Әжелер салған ән қандай» атты өнер фестивалі ұйымдастырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және қарттар күні аясында өткізілген мәдени-көпшілік шараның мақсаты жас ұрпақтың санасына ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп, асыл әжелердің мәртебесін арттыру болатын. Ұлтымыздың сарқылмас байлығы, байырғы дәстүрі – саз өнерін иіріміне келтіре орындаған әжелерді қолдап келушілердің де қарасы көп болды. Фесивальдің ашылар сәтінде аналарды құттықтаған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қатысушыларға тіршілігінде саулық, өнерде сәттілік тіледі. Барлық өнерпаз әжелерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Фестивальде алғаш болып Байсын ауылынан келген әже Дилара Оразымбетова өнер көрсетті. Одан соң Досбол би ауылының ақ жаулықтысы Орынша Мәдібаеваның тамаша ән тартуымен жалғасты. Думанды кеш әрі қарай Ботабай ауылынан келген Рахия Қожахметова, Бәйгеқұм ауылынан Нағима Бейсенбаева, сұлутөбелік Қалтай Әуезханова, Бала биден Бақытгүл Бапақова, қарғалылық Әсем Оспанова, кент атынан Балқаш Томаева, Жөлек ауылынан Қалдыгүл Ақпан секілді асыл әжелердің әуезді әуендерімен жалғасын тапты. Фестивальде барлық қатысушаларға 2 әннен орындауға мүмкіндік берілді. Оның алғашқысы міндетті түрде халық әні болуы тиіс. Әжелер түгелдей дерлік әуенге ілесіп, жанды дауыста әнді нақышына келтіріп орындады. Қариялардың өнеріне тәнті болған көрермендер ду қол шапалақтап, қолдап, демеп отырды.
Кешегі күнге дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан аналардың өмірлік белсенділігін арттырып, қоғамдық жұмыстарға араласуға мүмкіндік беретін осындай шаралар алдағы уақытта жалғаса бермек.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ