ӨНЕРДІ ШЫҢҒА ШЫҒАРҒАН ШИЕЛІЛІКТЕР

Сәрсенбінің сәтті күні Шиелі өңірінің өнер ұжымы «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауында Қызылорда қаласының орталық алаңында ерекше мерекелік бағдарлама ұсынды. Аталған байқау Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Кештің шымылдығы ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесімен ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарының айрықша қызығушылығын тудырды. Шиелінің қолөнер шеберлері ұлттық мұраны жаңғыртқан туындыларын ұсынып, көпшілік назарына паш етті.
Сахнада аудан мәдениет майталмандары, халықтық вокалды-аспапты ансамбль, «Әжелер» және «Келіндер» ансамбльдері, сонымен қатар ауданның дарынды әншілері мен бишілері әсем ән мен күмбірлі күйден шашу шашып, көрермен көзайымына айналып, қошеметке бөленді. Әсіресе, «Ретро» әндерден әндесте орындаған «Ардагерлер мен аналар» ансамблінің орындауы ерекше болды.
Әрбір өнер нөмірі – туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің, өнерге деген адалдықтың көрінісіндей әсер қалдырды. Сырдарияның сыңғыр үніндей, тарих пен тағылымды сабақтастырған концерт өз деңгейінде жоғары өтті. Бұл салтанатты шара тек өнер көрінісі емес, бұл – ұлттың жүрегіндегі Қызылордаға деген махаббаттың көрінісі.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ