Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығады ақыл жастан

Шығады ақыл жастан

«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, – деп хәкім Абай ән құдіретін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Иә, қазақтың әні мен күйі – халқымыздың ықылым заманнан бері қалыптасқан, еш жұтамайтын асыл қазынасы. Ұлттың бекзат болмысы мен арғы-бергі тарихынан сыр шертетін шежіресі. Ән арқылы көңілдегі алуан сезімді жеткізіп, жүректің нәзік қылын шертуге, тіпті бойдағы мұң-шерді шығаруға болады. Демек әркімнің таласы бар өлең өнерін киелі десек қате емес. Біздің ауданда осы өнердің қанатына қонып, киесін түсініп, өн бойына дарытып жүргендер жетерлік. Тек ән өнері ғана емес, Шиелі топырағында дүниеге келген талай жан сегіз қырлы, бір сырлы. «Ел іші – өнер кеніші» демекші Шиелі өнерпаздары республиканың мәдениет министрлігі тарапынан өнер ұжымына берілетін «халықтық» деген атақты алпысыншы жылдардың аяғында ала бастапты. Мұндай мәртебелі дәрежеге жеткен алты өнер ұжымы біздің ауданда болған. Алғаш рет «халықтық» атауын 1969 жылы аудандық мәдениет үйінің халық аспаптар оркестрі, кейін осындағы театр жеңген. Содан кейін «Қазақстанның 30 жылдығы» атанып, қазір Бала би болып өзгерген ауылдың өнерпаздары да халық театры атанып, көпшілікті талантымен таңдай қақтырды. Бұл кезде өнер көрсетіп жүргендердің ішінде күрішші, механизатор, шопан, мұғалім сынды қарапайым еңбек адамдары көп еді. «Нартай сазы» фольклорлық ансамблі, «Жас дәурен» ән-би ансамблі, Ноғайбаевтардың отбасылық ансамблі де осындай деңгейге көтерілген. Әрине, жемісті жеңістің астарында төгілген тер мен еңселі еңбек жатыр. Ал солардың барлығына үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандардың арасында Бөрібай Қоңқабаев, Әмина Тасболатова, ағайынды Әшімхан, Әлімхан Оспановтар, Әлмырза Ноғайбаев бар. Шиелінің ауыз толтырып айтатын өнерпаздары мұнымен таусылмақ емес. Бір кездері Нартай Бекежановтан бас­тап, осы заманғы театр әртістері М.Нұрекеев, Ғ.Әбдінәбиева, Ш.Әбдібаева, сазгер, өнер зерттеуші М.Қалауов, республикалық «Гүлдер» ансамблінің ұйымдастырушыларының бірі С.Елеусізов, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас концертмейстері, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Қ.Тасболатов, жыршы Ш.Ділдебаев, айтыскер-ақын М.Тұрсанов та әлі күнге дейін шиелілік ағайынның аузынан түскен жоқ. Бұдан бөлек Сәуле Бапанованың отбасы да түгелімен өнер қуған жандар. Шиелілік ару С.Бапанованың отбасы қолданбалы өнер – тоқыма, гобелен саласының майталмандары. Олардың қолдарынан шыққан киіз бен алашаларда поэтикалық пейзаждар, натюрморттар, түрлі композицияларға қызықпай қарау мүмкін емес. Мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосып, аянбай еңбек еткен жандардың бәрін атап шығу әрине, мүмкін емес. Дегенмен есімдері елге танылып, адамды рухани ләззатқа кенелткен өнер майталмандарын әр жас біліп, біліп қана қоймай сол сара жолды жалғастыруды мақсат ету қажет. Қазақта «Ақыл жастан, өнер тастан шығар» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Бұл сірә, жас баланың өнерге икемі егде тартқан кісіге қарағанда жақсы екенін білдірсе керек. Осы орайда баланың болашағына бағдар жасап, оны қарғадайынан өнерге баулу ата-ана үшін маңызды қадамның бірі.
Бүгінгідей жаһандану заманының бір осал тұсы – жасөспірімдердің табалдырықтан аттап шығуға ерініп, үздіксіз ұялы телефонға телміруі. Жасыратыны жоқ, қай босағаны аттасаңыз да бір бұрышта қалтафонға қарап отырған баланы кездестіруге болады. «Қандай өнерің бар? Қай үйірмеге барасың?» деп сұрай қалсаңыз кібіртіктеп, көзімен жер сүзіп кетерін қайтерсіз? Бұл қазіргі балалардың өнерге деген қызығушылығының жоғын білдіріп тұрғандай. Сол қызығушылықтың жоқтығынан ғой жаңа жыл бола қалса тақпақтың барлығы «Аяз ата келіп тұрдан» әрі аспайды. Әрине, бұл жерде бүлдіршінді кінәлаудың қажеті жоқ. Егер ата-ана баласын өнерге баулуға құлықсыз болса, қаршадай баладан не қайыр? Қазір «Бұлақ көрсең көзін аш» деп өнерге баулитын үйірмелер жетерлік. Мәселен, аудандағы оқушылар үйін алайық. Мұнда балаларды өнер мен білімге баулитын жиырмадан асып жығылатын үйірме бар. Оның ішінде «Би өнері», «Балдәурен» және қолөнер мен сурет өнерін үйретіп, бүлдіршіннің қанатын қомдап, өнер әлемінде биікке самғауына мүмкіндік жасайды. Қуаныштысы, аталған мекеме балаларды тегін оқытады. Оқушылар үйінің директоры Бауыржан Әбішевтің айтуынша, кейбір үйірмелер аудандағы білім ошақтарының ішінен де ашылған. Бұл бір жағынан баланың қаржысын үнемдесе, екінші жағынан қатысушының қауіпсіздігін сақтайды. Демек қай кезде болсын ата-ана баласын оқушылар үйіне немесе мектепте аталған үйірмелерге қатыстыра алады.
Сыр елі – Жыр елі. Жыр еліне тән өнердің бірі – жыршылық. Замана бұлбұлы ­Нар­тай Бекежановтың жыршылық дәстүрін жалғастырушылар да біздің ауданда табылады. Бұл тұста Шиелі аудандық мәдениет үйі жанынан «Нартай өнер мектебі» құрылған. Республиканың мәдениет қайраткері, белгілі әнші-термеші Құрманбек Бекпейісов бастаған өнер мектебін қазір ұлы Мұхамедәлі Бекпейісов жалғастырып келеді. Бір кездері Махамбет, Шернияз, Құрманай, Доғалақ, Сүйінбай, ­Ду­лат, Тұрмағамбеттер салып кеткен сара жолды осы өнер мектебі насихаттауда. Аталған өнер ордасының түлектері Мейірбек, Нұртілек, ­Ержан, Еркін, Ақмарал, Әзілхан сынды жас таланттар да дәстүрлі өнерді жанжандырушылар. Қазір дәстүрлі өнерді жалғаған мектепте «Нартай ақын» жыр-терме, «Тайжан ақын» дәстүрлі ән, «Халық әні», «Сырнаймен ән салу», «М.Тұрсанов» ақындар үйірмесі бар. Үйірмеге қатысатын оқушылардың жалпы саны – 40. Солардың ішінде оқ бойы оза шауып, шаршы топта өнерімен танылып жүргендер де жоқ емес. Айқын Төлеген, Дидар Сүгірәлиев, Досхан Нұрланұлы – соның айғағы.
Өнерімен өрге жүзіп, биікті бағындырған шиелілік жұлдыздардың тізімін әрмен қарай жалғастыру келешек ұрпақтың қолында. Егер балаларымызға қазірден қазақтың қара домбырасын үйретіп, ән мен жырға баулып, өнердің қанатына қондырсақ, Шиелі аспанында олардың үні қалықтап тұрады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
12 қазан 2020 ж. 519 0