Құлақтан кіріп бойды алар
Сәрсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде «Құлақтан кіріп бойды алар» атты республикалық дәстүрлі жыршы-термешілер фестивалі өтті. Айтулы шараны «Еріктілер жылы» және халқымыздың біртуар перзенті, қазақ жазба мәдениетінің негізін қалаушы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында кент әкімдігінің қолдауымен «Арман» мәдениет үйі ұйымдастырған. Жыр додасына Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Маңғыстау, Қызылорда қалаларының жыршы-термешілері қатысты.
Фестиваль хакім Абайдың үшінші қара сөзімен басталды. Одан әрі мың бұралған бишілер сахна төрінен көрініп, кештің көркін қыздара білді. «Әжелер» ансамблінің дауысы да келушілерді тәнті етті. Жыр сайысының шымылдығын аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздық ашып берді. Айта кетейік, аталған фестивальге қатысқан жыршылар ерікті жандар. Олар Абай атамыздың әндерін Сыр мақамына салып орындап, жауһар жырларымен көрермендердің көңілін көтерді. Тіпті жыр додасын көруге келген көпшіліктің қарасы қалың болды.
Шара соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева сөз алып, Арқадан Маңғыстауға дейінгі аралықтан ат артып келген әрі дәстүрлі өнерімізді дәріптеп жүрген қатысушыларға алғаусыз алғысын білдірді. Сонымен қатар жыршы-термешілерге үздік өнер көрсеткені үшін алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті.
Н.Шәлекееваның айтуынша, мұндай шараларды өткізу алдағы уақытта дәстүрге айналмақ. Ендеше қазақ мәдениеті көрінісінің бір парасы – дәстүрлі әнші-жыршылық өнер десек, ұйымдастырылған шара оның қадір-қасиетін түсіндіріп қана қоймай, ұмыт қалмау үшін өзіндік үлесін тигізеді деген ойдамыз.
Фариза НЫШАНБЕКҚЫЗЫ