Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекелі күндердегі берекелі іс-шара

Мерекелі күндердегі берекелі іс-шара

Мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөліп, өрлету – өркениетті елдердің басты ұстанымы. Биылғы жыл хакім Абайдың – 175, Әл-Фарабидің – 1150, Ұлы Жеңістің – 75 жылдығы аясында түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ. ­Атаулы күндерді ескерген «Арман» мәдениет үйі де ұлы ақынның құрметіне 44 шара өткізуді жос­парлауда.

Мереке күндері есігін айқара ашып, күмбірлеген күй, әуелеген ән ойнап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысатын ­«Арман» мәдениет үйінің қызметкерлері биыл қандай ерекшелігімен таң қалдырар екен? Бүгінде халықтың таным көкжиегі кеңейген. Күн сайын дами түскен қоғамның сан түрлі техникасын меңгерген елдің сенім үдесінен шығу үшін ізденіс керек-ақ. Алдағы атқарылар жұмыстың шетін шығарған «Арман» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Роза Мизамбаева: «26 ақпан күні ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының – 175 жылдығы аясында «Құлақтан кіріп бойды алар» атты республикалық дәстүрлі орындаушылар фестивалі өтетін болады. Сонымен қатар 27 ақпанда Сыр сүлейі Нартай Бекежановтың мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізуші, ҚР мәдениет қайраткері, жырау Құрманбек Бекпейісовтың – 55 жылдығына арналған «Нартайдың сырнайы едің Сырда қалған» атты республикалық жыршылар фестивалі ұйымдастырылатын болады. Одан әрі 28 ақпан күні «АКА-ТАС» ЖШС ұйымдастыруымен «Батыс Жауһарлары» атты республикалық байқау өткізуді де көздеп отырмыз», – деп таяу уақытта көрерменге ұсынатын дүниелерін жеткізді.
Түрлі байқауда бақ сынаған мәдениет үйінің қызметкерлері мен шәкірттері жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ұлы Абай Құнанбаевтың – 175 жылдығы, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Бірлестігінің – 10 жылдығы құрметіне арналған «Мәңгілік ел Қазақстаным» атты оқушылар мен жасөспірімдер фестиваліне қатысқан. «Көркем сөз» жанрында көрсеткен айрықша өнері, дарынды қабілеті үшін Н.Ешпанова бас жүлдемен марапатталып, Біріккен Араб Әмірлігі Дубай қаласында өтетін «Dubai World of Peace 2020» Халықаралық Өнер фестиваліне жолдаманы жеңіп алған. Сондай-ақ Қызылорда қаласында Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақ халқының Ұлы ақыны Абайдың – 175 жылдығына арналған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты концерт жүргізушілерінің облыстық конкурсында сахналық шеберлігін таныта білген мәдениет үйінің аккомпаниаторы Ө.Мінуаров ІІ орынды иеленіп қайтқан еді. Ал «Арман» би тобы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Дала өрнектері» байқауында бас жүлдені иемденіп, түрлі жетістікке жетіп жүргенін де айтты.
Қазақ халқының өнерге деген құрметі бөлек. Талай дүлдүл, ақын, жырау дүние дидарына келген киелі Шиелінің төрінде түрлі аспап, дәстүрлі әндердің байқауын ұйымдастыру жөн емес пе? Мерекелі жылда берекені арттырар театрландырылған қойылым, көркем сөз оқу, бейнелеу өнері сынды түрлі сайыс өтіп, хореография, қолөнер, шығарма түрлерінен де байқау жарияланбақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда атап өткен айтулы даталарға байланысты рухани азық боларлық іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырғаны баршаға аян. Яғни Абай айтқан «бекер мал шашпақ» дейтұғын бес дұшпанның бірін алға тартты. Ұлы ақынның ойына негізделген ұстанымына берік екенін білдіріп: «Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбегін халық арасында дәріптеуіміз керек», – деді. Осыны ескерген «Арман» мәдениет үйінің қызметкерлері өнерлілердің өрісін ашпақ. Сондықтан көзі қарақты, ойлы оқырманға мәдени орындарға жиі бас сұғып, жандарыңызды рухани байыта жүріңіздер демекпіз. Қашанда «Мәдениетті мәртебем, өнерді өрісім» деп қадірлейтін елдің абыройы асқақ боларын ұмытпайық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЕВА

22 ақпан 2020 ж. 571 0