Жемісті жұмыстың есебі
Өткен іске, атқарған шаруаға есеп беру алдағы жұмысты жүйелеп, жаңа жоспарларға жол ашатыны белгілі.
6 ақпан күні Жөлек ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері де өткен жылды қорытындылап, есеп беру концертін өткізді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен А.Құнанбаевтың 175 жылыдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы жеңістің 75 жылдығы және Жөлек ауылының 200 жылдығы аясында «Қасиетті Жөлегім – өнерлі барлық өренің» атты кешке ауыл тұрғындары түгел жиналды. Концертті ашып берген ауыл әкімі Базарбек Кенжебайұлы ауыл халқын мәдени-рухани шаралармен сусындатып жүрген шығармашылық иелеріне сәттілік тіледі.
Ауылдағы мәдениет үйі жанынан «Ардагерлер» ерлер ансамблі, «Әжелер сазы» әжелер ансамблі және жас көркем өнерпаздардан құралған көркемсөз, ән, би, домбыра үйірмелері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Кеш барысында көрермендер ансамбль мүшелері мен үйірмеге қатысушылардың да өнерін тамашалап, қошемет білдірді.
Шара барысында тәрбиелік мәні бар көріністер қойылып, шалқыған ән мен күй шырқалып, мың бұралған әсем би биленді.
Ауыл халқы өнерпаздарға оң бағасын беріп, ақсақалдар ақ батасын жаудырды. Кеш соңында барлық үйірме мүшелері дипломмен марапатталып, мерекелік от шашуға ұласты.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ