Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 45 қара сөз – 45 шара

45 қара сөз – 45 шара

Бүгінде хакім Абайдың есімі мұқым қазаққа танымал. Жоқ. Күллі түркі әлеміне десек дұрысырақ шығар. Өйткені, Абайдың өлеңдері мен әндері, қара сөздері шартарапқа таралды. Ол қаламды қару ету қаламгер мен қарапайым оқырманның барлығына ортақ мінез бен қасиетті жіпке тізгендей етіп жазып берді. Шығармалары арқылы үлкенді-кішілі азаматтарды білімді, көкірек көзі ояу болуға шақырды. Осылайша Абай Құнанбайұлы ұлт үшін, ұрпақ үшін мол мұра қалдырды.

Биыл ұлы тұлғаның туғанына – 175 жыл. Рухани байлықты бәрінен биік қойған қазақ елі бұл айтулы датаны ескерусіз қалдырмады. Мемлекет басшысының өзі басымдық беріп, ақынның атын ұлықтауды тапсырды. Соған орай елімізде ақынның мерейтойына арналған 500-ден астам іс-шара өтеді. Бұдан бөлек ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер де хакімнің мерейтойын атап өтуде қалыс қалмайды.
Дүйім жұртқа белгілі, жыл басында ­республика көлемінде Абайдың 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды. Одан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шара ұйымдастырыла бастады. Сондай шаралардың бір парасы өткен аптада «Арман» мәдениет үйінде өтті. Айтулы шараның шымылдығы Ұлы ақынның ғибратқа толы ғақлиясымен түрілді. Рухани кеш әрмен қарай ақынның «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерімен жалғасты. Ақынға арналған шараға мәдениет үйінің қызметкерлері ғана емес, Шиелі кенті әкімдігінің жұмыскерлері де атсалысты. Олар хакім Абайдың жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерін оқып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Жібек Баймұратова:
– «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе». Абай – түпсіз терең мұхит. Әр адам Абайды оқып, оны жүрегімен түсінуі керек. Қазір тұлғаның 175 жылдығы болса да, қазақтың бас ақыны бізге мәңгілік мұра. Бүгінде Абай атында көшелер мен мекемелер бар. Мұның өзі қазақ елінің мәртебесін көтереді. Абай жолы – біздің жолымыз екені анық, – деп өз ойын білдірді. Ал «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шәлекеева алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.
– «Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан» дегендей, бүгін сіздерге рухани кеш сыйлауға тырыстық. Биыл – рухани жыл. Өйткені, біз ұлы ақынымызды ұлықтаймыз. Ақынға арналған алғашқы шараны бірінші қара сөзден бастадық. Алдағы уақытта 45 қара сөзіне құрылған 45 шара ұйымдастырамыз, – деді Н.Шәлекеева.
Рухани кеш соңында мәдениет үйі қызметкерлері құлақтан кіріп, бойды алатын «Желсіз түнде жарық ай» әнін қосыла шырқады. Одан кейін жиналған қауым «Абай» фильмін бірге тамашалады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

15 ақпан 2020 ж. 1 460 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930