Абай мұрасы ұрпаққа үлгі
Абайдың орны қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін ерекше. Оның шығармалары үлкенді-кішілі барлық адамдарға арналуымен ерекшеленеді. Қара сөздерінің өзі бүгінгі жас ұрпақ пен орта буын үшін тәрбиенің көзі. Әсіресе мектеп табалдырығында оқитын жас буындар Абайдың шығармаларымен таныспай кетпейді. Алғаш мектепке келген кезден бастап Абайдың өлеңдерін санасына тоқиды. Осы арқылы олар өр рухты, елжанды болып өседі. Бұл Абай өлеңдерінің тағылымы мол екенін аңғартып тұр.
Биыл біз үшін ерекше жыл. Әрқашан зиялыларын құрметтеп, әдебиетшілеріне ілтипат білдіретін ұлтымыз ұлы ақынның 175 жылдығын тойлайды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен болып жатқан игі іс деп білемін. Сондай-ақ мұны ұлтымыздың тілге, әдебиетке, ұлы ақынның туындыларына құрметі деп түсінемін. Технология дамыған мына заманда қазіргі жастардың әдебиетке деген құштарлығын осылай оятатынымыз қуантады.
Қазіргі таңда орта білім ордалары Абайдың мерейтойын атап өтуді бастап кетті. Мәселен, №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде ЮНЕСКО клубының жетекшісі Ғани Бейамбаевтың жетекшілігімен шара өткен болатын. Бұл оқушыларға тың серпіліс пен ұлттық рух сыйлады.
Нұрсәуле Бимұратова
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі