Абай өлеңдерін оқу жалғасуда
Елімізде Батыс пен Шығыстың мәдениетін, өркениетін жетік білген ұлы тұлға Абайдың туғанына – 175 жыл толуына орай эстафета басталғаны белгілі. Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмаған эстафета қазірге дейін жалғасуда. Оған билік те, бұқара да, тіпті өзге ұлт өкілдері де белсене араласуда. Бүгінгі таңда желіде Абайдың өлеңін жарыса оқыған бейнежазбалар кең тараған. Олардың арасында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің ақынның «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңін жатқа айтуы да бар. Министр әуелі эстафетаны Президенттен қабылдаған болатын. Одан кейін оны ұстаздарға, жоғары оқу орындарының ректорлары мен студенттерге және оқушыларға жолдаған еді.
Аталған эстафетаны ауданда алғаш болып №48 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушылары қабылдады. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Шырынхан Мұхамедкәрімқызы, Жанат Күздеубаева, Сәбира Сейдахметова ұйымдастырған сайыста шәкірттер министрден эстафетаны қабыл алып, өзге білім ордаларына жолдады. Аталған мектеп Абай өлеңдерін жатқа айтуды жеке емес, сынып болып қабылдағандығымен ерекшеленді. Сондай-ақ олар ұлы ақынның өлеңдерін ағылшын тілінде айтып, өзгелерге ой тастады.
«Өскен өңір» ақпарат